Түркияда орта ғасырдағы тарихи мұра көшірілді

Түркияда орта ғасырдағы тарихи мұра көшірілді
Фото: aa.com.tr

Түркияда XIII ғасырда салынған тарихи жәдігер "Артуклу" моншасын  басқа жерге көшірді. 1500 тонналық ғимарат Батман провинциясының Хасанкейф мәдени бағына тұтастай көшіріліп жеткізіледі.

Батман провинциясының губернаторы Ахмет Дениздің айтуынша, бұл Түркияның оңтүстік-шығысындағы ең үлкен құрылыс "Илису" су қоймасының салынуына байланысты көшіріліп жатқан алғашқы тарихи жәдігер емес. 

"Мемлекет мәдени мұраға ерекше назар аударып, барлық тарихи ғимараттарды стратегиялық маңызы бар жобалар аймағынан басқа жерге тасымалдайды. Бұл халық тарихына құрмет көрсетудің белгісі және басқа елдер үшін үлгі", – дейді басшы. 

Губернатордың айтуынша, тағы да жеті тарихи мұра нысаны көшіріледі. "Барлық нысандар бір аумаққа жиналады және бұл Хассанкейф туризмін дамытуға септігін тигізеді", – дейді ол. 

Түркияның Мемлекеттік су әкімшілігінің директоры Мұрат Аджу 2017 жылы 12 мамырда Түркияның сол аймағынан 555 жастағы Зейнел Бе қабірін ауыстырғанын еске салды.

Т. Раушанұлы