Досхан Жылқыбай:

Досхан Жылқыбай: "Азиядан ауған америкалықтар"

Компьютер экранындағы жыпылықтап, жазуыңның қай тұсқа келіп қалғанын көрсетіп тұратын таяқшаның мазасыздығы кейде жүйкеңді жұқартады. Өзі асыққан жаққа асықтырып, жыпылықтап жазғаныңды аңдып тұратын сияқты. Жаза бастасаң ілеседі. Тоқтасаң аңтарылып саған қарайды. Алғашқы сөйлемнің ауырлығын оған қалай түсіндірерсің? Адамзаттың әлімсақ тіршілігі жөнінде жазғалы отырған мақаланың өзінен гөрі, алғашқы сөйлемі көп ойландырды. Иә, алғашқы сөйлем туралы сенің басыңдағы долбарлар сияқты, адамзаттың пайда болуы жөнінде де долбарлар жетерлік. Ғылымға белгілісі төртеу, көпшілікке белгілісі екеу. Ғылыми төрттікті «дарвиндік», «діни», «уфологиялық» және «мутациялық» теориялар құрайды. Осылардың ішіндегі көпшілікке танысы алғашқы екеуі екені айтпаса да түсінікті болар. 

Уфологтар адамзатты жерде пайда болмаған жат элемент, ғарышан келген келімсектер ретінде қарастырса, көпке белгісіз теорияның екіншісі адамды радиоциялық мутацияның жемісі деген пікірге тоқталады. Бұл екі теорияның жақтаушылары аз болғанымен, ғылым үшін өзіндік жаңалықтары баршылық. 

«Адамзат тарихы маймылдан, маймылтектестерден бастау алады». Бұл «дарвинистердің» пікірі

Бір кездері жер бетінде құрлық атаулы болмағаны белгілі. Cол біртұтас мұхитта алғашқыда біржасушалылар ғана өмір сүрді. Олардан көпжасушалылар, көпжасушалалардан балықтар пайда болды. Ал, құрлықтар пайда болғанда сол балықтар біртіндеп қосмекенділерге айналған болатын. Дарвин өз теориясындағы жер бетіндегі тіршіліктің дамуын осылай сипаттайды. Ғалым «Түрлердің шығу тегі» атты еңбегіндегі: «Түрлер өзгергіш келеді» деген пікірін берік ұстанды. Қосмекенділердің мыңдаған жылдарға, өзінің айтуы бойынша «ғасырлармен ғана өлшеуге болатын» уақытқа созылған дамуының нәтижесінде маймылдар пайда болды. Жер беті тұтас орманды алқап. Олар ағаштардан ағаштарға секіріп, жыртқыштардан алаңсыз өмір сүрді. Кейіннен табиғи өзгерістерге байланысты жер бетіндегі ормандар сиреп, шалғынды алқаптар пайда болғанда, табандары жерге тимей-ақ тамағын асыраған маймылдардың арасы алшақтаған ағаштарға жету үшін жерге түсер уақыты келді. Міне, адамзаттың топыраққа түскен алғашқы қадамы. Әриене, Дарвин үшін. Осы маймылдың табанының топыраққа тиюі көптеген өлімге себепкер болды. Өйткені, төрттағандап жүретін маймылдар биік шалғыннан өзіне жақындаған жыртқыштарды көрмей қалатын еді. Енді олар артқы екі аяқтарына тұрып, жан-жағына қарайлап, тік жүретін әдет тапты. Барлығы қатал өмір үшін күрес. Арғы жағы айқын. Екі аяқтап келе жатқан маймыл өзіне жақындаған жыртқыштан қорғану үшін жерде жатқан ағаштың сынығын қолына алған болатын. 

Дарвин теориясының мақала пішініне қондырылған кішігірім нұсқасы осылай сөйлейді. «Өмірлік күресте күштілер ғана жеңіске жетеді» деген эволюция теориясының алтын заңы өздерін биік қоюшы ақнәсілді еуропалықтардың адамзат алдындағы қылмыстарын ақтап алатын «Қасиетті кітаптан» кейінгі екінші бетке 

ұстар қалқанына айналды. Сондықтан болар, бұл теорияның көптеген көлеңкелі тұстары қазбалана қойған жоқ. Барлық ғылым атаулы «дарвинизм» төңірегінде өрбіп, адамзаттың пайда болуы жөніндегі діни теория тасада қалды. Ал, бұл теорияны түсіндіріп жатудың өзі артықтық етер. 

Жалпы адамзаттың пайда болаған уақытын ғалымдар 5 миллион жылға апарып тіресе, саналы адамның ғұмырын 50 мың жылдан ары асырмайды және адамзат осы «саналы ғұмырында» ғана сөйлеуді үйренді. Ғылым мен діндегі қарама қайшылықтар осы тұста басталады. 

Ислам дініндегі деректерде жерге түскен алғашқы Адам ата мен Хауа ананың сөйлей білгені, Адам пайғамбардың білімді болғаны айтылады. Тағы бір деректерде жер бетіне 124 мың пайғамбар түскені туралы сөз бар. Ойлап қарасаң, саналы адамның 50 мың жылдық тарихына 124 мың пайғамбарды сидыру мүмкін емес. Жәй арифметикалық есеп бойынша әр жылда екі пайғамбардан, ал кей жылдары тіпті үш пайғамбардан түсіп отырғаны байқалады. (124000:50000 = 2,48). Сіз ислам дініндегі бір кездері ұзақ жасаған адамдар туралы деректер мен соңғы келген үш пайғамбар арасындағы алшақтырды қосып есептеп көріңіз. 

Мұндай деректерді көптеп келтіруге болады. Біз олардың барлығына тоқталып жата алмаймыз. Бұл бізді ойландырған сұрақтардың бір ұшы ғана. 

Сонымен, адамзат осыдан 5 миллион жыл бұрын Африканың шығысында пайда болып, Еуразия даласына қарай жылжыды. Ал, қазақ топырағына адамзат шамамен миллион жыл бұрын қоныстана бастаған. Алғашқы адамдардың қоныстары Батыс Қазақстан, орталық Қазақстан өңірлері мен Арал теңізі маңайында кездеседі. Археологтардың соңғы жаңалықтарының бірі ретінде Қаратау сілемдері бойынан 9 метр тереңдіктен табылған ерте темір дәуіріне жататын тұрақтарды айтуға болады. Электронды-парамагниттік резонанстың көмегімен анықталуы бойынша бұл тұрақтан табылған бұйымдардың жасы 501000 жыл және дәл мұндай тұрақтарды Қазақстан даласынан көптеп ұшыратуға болады. Бір сөзбен айтқанда, саналы адамның дүниеге келуі кезеңінде Еуразия материгінде, оның ішінде Қазақстан территориясындағы тіршілік қайнап жатқан болатын. 

Осы келтірілген деректерден біздің көз алдымызға әлемдегі алғашқы Ұлы қоныс аударудың картасы келеді. Африка, Азия, Еуропа. Ал, Азияның солтүстік шығысы арқылы Американың ашылуы келесі әңгіме. 

*** 
Иә, бүгінде Американың түпі халқының Азиядан ауғаны туралы дерек жаңалық емес. Тіпті қалай қоныс аударғаны туралы деректер де жетіп артылады. 

Қазіргі әлем картасында Еуразия мен Америка материктерінің арасын 82 шақырым ғана Беринг бұғазы бөліп жатыр. Ал, жер бетіндегі соңғы мұз басу дәуірінде бұл бұғаз мүлдем болған емес. Мұз басу дәуіріндегі судың мұздықтарға жиналуы теңіз деңгейін бүгінгіден елеулі деңгейде төмендеткен. Бұл тұс екі алып материктің біртұтас кезеңі болатын. Тұтас «Пангеяның» ыдырауының ең соңы Солтүстік Америка мен Еуразияның ажырауымен аяқталды десек қателеспеспіз. 

Дәл осы мұз басу дәуірі Американың түпкі халқы «үндістердің» (бұл ғылыми термин) Азиядан қоныс аударған уақытына тура келеді. Ал, олар кімдер еді? Бүгінгі біздің даладан кеткен халықтың бізге қаншалықты қатысы бар? 

Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейінгі көптеген ғалымдардың ден қойған тақырыбы осы болатын. Олар Американың түпкі халқы жөнінде антропологиялық, стомотологиялық зерттеулер арқылы көптеген тұжымдар жасады. 

Америка құрлығындағы Гренланиядан Аляскаға дейінгі территорияда өмір сүретін эскимостардың антропологиялық әлпетін зерттеген ғалым М.Г.Левин Ежелгі Азия халықтары мен эскимостардың морфологиялық ұқсастықтарын ғылыми түрде дәлелдеп берді. 

Ғылымның дамуы ДНК-лық сараптамалар жасауға жол ашқан тұста, Америка материгінде өмір сүретін «үндістердің» барлығы генетикалық тұрғыдан шамамен 15000-30000 жыл бұрын бір генетикалық топтан тарағаны дәлелденді. Ал, мұның ішіндегі генетикалық топтардың 95%-ы бүгінгі Азияда өмір сүретін халықтардың ДНК сараптамаларымен сәйкес келеді. 

Өз кезегінде лингвист ғалымдар «үндіс» тайпаларының тілдерін зерттей келе олардың Жаңа құрлыққа бір емес, бірнеше мәрте қоныс аударғанын алға тартады және жаңа құрлықтың ескі тұрғындарының тілі бүгінгі Алтай тілдеріне жақын деген пікірлер көтерілді. 

1967 жылы шведтік «Етнос» журналында басылған ориенталист (шығыс тілдерін зерттеуші ғалым) Стиг Викандердің «Мая тілдер тобы мен Алтай тілдер тобы арасында байланыс бар ма?» атты мақаласында: «Мен бірінші рет мая тайпаларының бір бірімен сөйлескендерін көріп үлкен таңданыста қалдым. Олардың сөйлеу интонациясынан өзім аз ғана уақыт бұрын сапар шеккен Стамбул қаласының тұрғындарының интонациялары байқалады. Әрине, мұндай ұқсастықтар алдамшы болуы мүмкін. Бірақ, маялықтардың тілін зерттей келе түрік тілінде кездесетін көптеген сөздерге тап болдым. Айтылуы жағынан да, мағынасы жағынан да», - деп жазды. 

Осы деректерге қарап, алтай тілдері, яғни бүгінгі түркі, маңғол тілдерінің негізі Азия даласынан «үндіс» тайпаларының ауа көшпеген тұсында қаланған деген пікірге келуге болады. Шамамен бұл 40 мың жыл бұрын. 

Ең соңғы, әрі нақты заттай деректер ретінде археологиялық қазбаларда табылған бұйымдар да үндіс тайпаларының басқа емес, дәл Азиядан кеткенін айғақтайды. Жаңа құрлыққа ежелгі халықтардың, дәлірек айтсақ «палеоазиялықтардың» үш дүркін қоныс аударғанын лингвистермен қоса археологтар да қуаттаған. 

Біз үндіс тайпаларының шындығында да Азиядан кеткендігіне көз жеткізу үшін том-том еңбектерден там-тұмдап қана мәліметтер ұсынып отырмыз. 

Жалпы қорыта айтсақ, Азиялық тайпалар Америка құрлығына үш дүркін: алғашқысы 40-35 мың жыл бұрын, екіншісі 28-25 мың жыл бұрын, соңғысы 14-10 мың жыл бұрын қоныс аударғаны ғылымға мәлім. 

Бизондар ізімен 

Мұз басу дәуірі десе көз алдымызға елестейтін алып мұздықтардың қойнауына ежелгі Азиялықтарды нендей тылсым тартты? 

Соңғы мұз басу дәуірі жер бетінде 110 000 жыл бұрын басталып, 10000 жыл бұрын аяқталды. Яғни, палеоазиялық халықтардың үш дүркін қоныс аударуы да осы жылдық шеңбердің ішінде болған. 

Мұз басу. Көз алдыңа жердің солтүстік жарты шарының 50 ендігіне дейінгі басып жатқан мұздықтар елестейді. Биіктігі жүздеген метрлерге жететін аппақ мұздықтарды елестетудің өзі тамырыңдағы қаныңды суытары сөзсіз. Дәл сондай мұздықтарға ежелгі азиялықтардың жүрегі дауалап, бизон қуып кіріп кеткені күмән туғызады, әрине. 

Бұл сұрақтың жауабын әлемдік картадан табуға болады. Картаға анықтап қарасаңыз қос материктің де солтүстік бөліктерінің ит тартқан тулақтай жырым-жырым екенін аңғарасыз. Бұл ежелгі мұздықтардың іздері. Ал, Еуразия материгі Азия бөлігінің солтүстігінде мұндай аса үлкен мұздық іздері байқалмайды. Бұл көрініс бізге мұз басу дәуіріндегі солтүстік Азияның климатынан біршама хабар береді. Екі картаны салыстырыңыз. (1-2 сурет) 18000 жыл бұрынғы жер беті картасынан көріп отырғаныңыздай Азияның солтүстігінде мұздықтар көрінбейді. Бірақ, суық болуы, жерде қар жатуы да кәдік. Соған қарағанда, мұз басу дәуірі басында бүкіл солтүстік жартышарды алып жатқан мұздықтар, уақыт өте келе Азия жағалауларынан бастап солтүстікке шегінген. Дәл осы тұста Еуразия даласындағы бизондар шығысқа қарай, жаңа құрлыққа қарай ауа бастады. Ал, күнкөрісі, қорегі болған жануарлардың шығысқа қарай аууы ежелгі Азия халықтарының да жаңа құрлыққа қарай жылжуының алғы шарты болды. 

Бизондар жайында... 

Кеше ғана дүниеден өткен жазушы, ғалым Таласбек Әсемқұловтың «Боз бетеге, сұр соқпақ» атты мақаласында бизондар жайында қызықты деректер келтіріледі. «Орегон штатының жазық далалары. Бұл жерде орман бизондарын бiр-бiрiмен сабақтас үш себеппен жүйелi түрде қырған. Бiрiншi, себеп – геноцид. Аңшылықпен ғана күн көретiн үндiстердiң негiзгi қорегi – бизонның етi. Яғни, жер иесi үндiстердi қорегiнен айыру, аштан қыру. Екiншi себеп – бизонның терiсiнен түсетiн пайда. Үшiншi себеп – жалпы адам бойындағы, әсiресе, Американы жайлай бастаған басқыншылардың табиғатындағы тiрi жанды өлтiрiп қан төгуге деген құмарлығы. «Тұрақты армия 30 жылдың iшiнде шеше алмаған үндiстердiң мәселесiн бизон аулайтын аңшылар екi-ақ жылда шешiп бердi, – деп жазды генерал Ф.Шеридан». 

Иә, алғашында терісіне қызығып атыла басталған бизондар, соңыра үндістерді басып алып, бағыныштылықта ұстаудың, тіпті жойып жіберудің кілтіне айналды. Мүмкін, Америкалық палеоазиялықтардың жойылуына өздерінің фольклоры себеп болды ма? 

Үндістердің ертегілерінде бизондардың ауып кетіп, халықтың аштан қырылуы жөніндегі сьюжеттер көп кездеседі. Осы типті ертегілердің ішіндегі ең танымалы 

«Нэпи және Нип» ертегісі болса керек. Оқиға Дакота тайпасында өрбиді. Таңертең ұйқыларынан оянып, биік төбенің басына шыққан аңшылардың көзіне бірде-бір бизон түспейді. Тіпті, бұл жануарлардың қыр-сырын білетін қарт аңшылардың өздері де таба алмайды. Халық аштықтан әбден күйзеліске түскен тұста, Нип әкесінен рұқсат сұрап бизондарды іздеуге шығады. 

Әр тайпада ары қарайғы оқиға әртүрлі өрбітілсе де, көптеген ертегілердің түп негізі осылай. Ойлана отырып, осы сьюжеттес ертегілердің барлығының түбі бір жерде емес пе деген ой келеді. Иә, барлық америкалық үндістердің бір тайпа болып өмір сүрген кезеңіндегі бизондардың ауып кетіп, халықтың аштықтың ащы дәмін бірге сезінген тұсының фольклордағы көрініс табуы. Ал, бұл тайпалардың бірге өмір сүрген, бизондардың артынан бірге ауған кезеңі Азия құрлығындағы оқиға. Егер, осы болжамға сүйенер болсақ, бизондардың жоғалуы сьюжетті ертегілер Америка құрлығында туған ең алғашқы ертегілер деуге толық негіз бар. Оқиғасы кәрі құрлықта болып, жаңа құрлықтағы жаңа ұрпаққа айтылған алғашқы ертегі. 

Осындай көптеген ертегілерде кездесетін сюжеттің астарын еуропалық ғалымдар түсініп қойса керек. Ал, одан арғы дүниені саясаткерлерге қалдыңыз. Олар да бұл тұжырымның тамырын дөп басып, әскер шығындамастан, қорегін құрту арқылы алып материктің тарихи тұрғындарын тізе бүктірді. «Терісін ақшаға айналдыру үшін ғана қырған болар» деген заңды ой да туады. Келістік делік. Бірақ, Таласбек Әсемқұловтың жоғарыда айтып кеткен мақаласындағы: «Темiр жол компаниялары, сондай-ақ, тiрi нысананы жолаушылардың ермегiне де айналдырған. Табынға мылтықтың оғы жететiндей жерге келгенде пойыз жүрiсiн баяулатады немесе тоқтайды да, терезелер ашылып, жолаушыларға спортпен айналысуға ұсыныс жасалады. Қару менен оқ-дәрi ақысыз-пұлсыз, темiр жол компаниясы есебiнен үлестiрiледi. Еркектермен қатар әйелдер де аң атып көңiл көтерiптi. Жануарлардың етi өлексе есебiнде жатқан жерiнде қалады екен. Тек анда-санда пойыздың қызметкерлерiнiң бiрi түсiп бiрнеше тiлдi кесiп алып келiп, дәмдеп пiсiрiп, ханымдар мен мырзалардың алдына тартатын болған», - деген деректерді қайда қоямыз? Олар пойыздан түсіп терісін сыпырған жоқ. Тек, атып кете берді. 

Тотемдік ұқсастықтар 

Иә, Америкалық үндістердің тілін де, ДНК-сында ғалымдар көп зерттеді. Ал, тілден бөлек танымымыздағы ұқсастықтар не дейді? 

Ғалым-этнограф Штернбергтің айтуы бойынша «тотемизм» ежелгі адамдардың алғашқы діні. Біздің байырғы бабаларымыздың тылсымды тану жолындағы алғашқы талпыныстары. Діннің ежелгі бұл формасы адамдар мен жануарлар немесе өсімдіктер арасындағы белгісіз байланыстың барына сенуге құрылған. Ал, кейбір тайпалар өздерін тіпті табиғат құбылыстары мен жансыз заттар мен де байланыстырғаны ежелгі мифтердан байқалады. Бірақ, бұл құбылыс өте сирек кездеседі. 

Алғашқы діннің формасында адамзат неліктен өзін жануарлармен және өсімдіктермен көп байланыстырды деген сауал туады? Егер, діннің бастауында адамзаттың бір тылсымнан қорқуы жатыр десек, тотемизмнің негізгі бөлігін табиғат құбылыстары құрауы керек емес пе еді? Бірақ, ежелгі адамзат үшін табиғат құбылысының айбанан гөрі, аш қалуы қорқыныштырақ болғанға ұқсайды. Бұлай дейтініміз, адамзаттың өзін өсімдік пен жануарға жақындатуының астарында ежелгі бабаларымыздың алғашқы кәсібінің элементтері қылаң береді. Ал, адамзаттың алғашқы кәсібі терімшілік пен аңшылық болатын. Міне, аш қалмау үшін осы екі кәсіптің мәні жоғары. Осылай, алғашқы адамдар өзегін талдырмай, өмірін жалғастырып тұрған өсімдік пен жануарға бас имеуі мүмкін емес еді. Ал, бас ию табынуға жеткізді. Белгілі бір тотемдерге табыну басталғаннан көптеген ырым-тиымдар пайда болды. Өздері табынатын жануардың етін жемеу, оның атын атын атамау секілді «табулардың» шығуының себебі де осында болатын. 

Үлкендер қауымының: «Қасқыр деме! Малыңды тартып кетеді. «Ит-құс» деп айт. Жылан деме, «түйме» деп айт», - деп тыйып отыратындары барлығыңыздың естеріңізде болар. Бізге түсіндіріп жатуға ерінді ме, әлде түпкі түйсіктеріне түсінік бере алмады ма, әйтеуір, жамандық шақырады деумен тоқталатын еді. Ал, бір кездері бұл жануарлардың біздің тотемдік белгілеріміз болғаны және оның атын тура атауға тиым болғанын бейсаналы деңгейде ғана түйсінеміз. Ойлана отырып қаншама ғасырлар бойы қалыптасқан танымымыздың «жаман болады» деген екі ауыз сөздің тасасына тығылып келгеніне таң қалмасқа шараң жоқ. 

Иә, адамзат дамуының жануарға табынған бұл дәуірлеріне бүгінгі күннің биігінен қарап тұрған сақалы селдір шала діндар қазақ баласы мырс етіп миығынан күлер. Бірақ, жеті атасына дейін қыз алыспаған бар қазақтың бүгінгі ұрпағы қанының тазалығы үшін осы «тотемизм» түсінігіне алғыс айту керектігін түсінер ме екен? Тотемизм «дінінде» тотемі бір тайпалар бір-бірімен қыз алыспайтын заңдылық болған. Иә, біздің бүгінгі игі дәстүріміз жер бетіндегі алғашқы діни түсініктің жұрнағы екенін мойындауымыз керек. 

Тотемизм әр халықтың, тайпаның өзіндік тотемдік белгісін қалыптастырды. Түркінің төтемі – бөрі. Оның арғы жағында арқар немесе таутеке, одан ары жылан немесе айдаһарға тірелуіміз мүмкін. Тотемдік тарихымызға тереңдей түссек көкте қалықтаған құсқа, тіпті тасбақаға да кезігудің сәті түсер.
 
Әрине, оқырман келтірілген дерекке дәлел күтеді. Бәрі өз ретімен. 

Сіз «Күлтегін» ескерткішіне назар аударып көрдіңіз бе? Мәтініне емес. Құрылымына. Бітік тастың жоғарғы жағы жартылай дөңгелек болып келеді. Біз көріп жүрген суреттер мен көшірмелерде сол жартылай дөңгелектің бір жақ бөлігін оқ жұлған. Ал, егер бүтін болғанда қандай болар еді? (3 суретті қараңыз). Өздеріңіз көріп отырғандай Ескерткіштің жоғарғы бөлігінде басы бөрі тектес айдаһар бейнеленген. Айдаһардың арғы тегі жыланнан. Қазақ мифтерінде адам көзіне үзақ ғасырлар бойы түспеген жыланның айдаһарға айналатыны туралы сюжеттер кездеседі. Ал, ортадағы ерекше бөлінген тұсында таутеке немесе архар. Қалай дегенмен де тауда өмір сүретін, көкке бір табан жақын жануар бейнеленген. 

Ал, ескерткіштің бүтін кезінде астында «бақатас» болған.(4-сурет) Қарапайым бақадан гөрі, «тасбақаға» көбірек ұқсайды. Ал, «Күлтегіннің» тастан қашалған бас мүсінінің маңдайында қанатын кеңге жайған самұрық құстың бейнесі бар. (5-сурет) 

Орхон Ескеркіштеріндегі суреттер негізінен осылай болып келеді. Мысалы, «Бұғыты» кешенін алып көрейік. (6-сурет) Ұстын тас тасбақаның үстіне орнатылған. Ал, ескерткіштің жоғарғы бөлігінде бөрі емген баланың бейнесі бар. Жалпы, жоғарыда айтқанымыздай түркілік танымдағы «бөрі» бейнесі «Бұғыты» кешенінде ғана емес, Күлтегін, Білге қаған, Қарабалғасу ұстындарының да бас жағында бейнеленген. Бірақ, бөрі көбіне реалистік тұрғы да емес, қияли мифтік тұрғыда суреттеледі. «Бұғыты» ұстынының суретіне назар аударсаңыз ескерткіш басы – қасқырдың басына ұқсап, денесі айдаһарға, аяғы жолбарысқа, шудасы арыстанға ұқсатылып қашалған. 

Қорыта келгенде, Орхон ескерткшітерінің ең бірінші ұқсастығы ретінде олардағы айдаһар, бөрі сынды тотемдік белгілердің мифтік негізде қашалуын айтуымызға болады. Бір қызығы барлық дерлік ескерткіштерде бейнеленген таутекенің мифтік образы кездеспейді. Ол айқын, әрі барлық ескерткіштерде өте ұқсас келеді. Бұл ескерткіштердің көпшілігіне ортақ тағы бір дүние – тасбақа тұғырлары. 

Бөрінің жайы белгілі. Жылан мен айдаһар да біздің мифтерде көп кездеседі. Таутеке немесе архар да биікте көкке жақын жануарлар ретінде тотемдік белгілер қатарында. «Кұлтегін» бас мүсінінде самұрықтың бейнеленуінің де өз түсіндірмесі бар. Осы аталған жан иелерінің барлығы дерлік біздің бүгінге дейінгі танымымызда сақталған. Бірақ, барлық ескерткіштерге тұғыр болып, осы тотемнің барлығын көтеріп тұрған тасбақа жөнінде қазақ мифтерінде көп дүние кездеспейді. 

Иә, тасбақа барлық ескерткіштерде кездескенімен тотемдік белгі болғанға ұқсамайды. Өйткені, тотемнің барлығы ескерткіштердің жоғарғы жағында. Ал, тасбақа барлығын көтеріп тұрған тұғыры. 

Қазақтың жерді көтеріп тұрған көк өгіз туралы аңызы есіңізде ма? Бұл тектес аңыздар бүкіл әлемді кезіп жүргені мәлім. Тек жерді көтеріп тұрған жан иелері әр халықта әр түрлі. Біздің халық түсінігінде жерді мүйізімен көтеріп тұрған көк өгіз болса, Американың түпкі халықтарында жер тасбақаның арқасында орналасқан. 

Теңіздің арғы бетінде аңыз бойынша аспаннан алғашқы адам түсіп келе жатқанда оны құстар көтеріп ұшып, табанын тигізетін құрлық іздеді. Бірақ, табылатын емес. Ұзақ ізденістен кейін құстардың қанаттары талып, адамды ұшы қиыры жоқ теңізге құлатып алуға тақағанда теңіз бетіне алып тасбақа көтеріледі. Осылай алғашқы адам табаны алғаш рет тасбақаның арқасына тиді. Ол оны құрлыққа жеткізді. Осылай сөйлейтін аңыз бойынша ежелгі үндістерде жерді тасбақа көтеріп тұр деген түсінік қалыптасқан. Біздіңше, бұл миф бір кездергі америкалық үндістер мен біздің бабаларымыздың арасы ажырамай тұрғандағы түсінік. Теңіздің арғы бетінде тасбақа алғашқы құрлық ретінде сақталып қала берген болса, біздің мифтің аңыздарда тасбақа ұзақ жасау мен ақылдылықтың символына айналған болатын. Бірақ, жерді көтеріп тұрған тасбақа туралы түсініктің сарқыншақтары 

Түрік қағанатының тұсында да біршама сақталғанға ұқсайды. Өйткені, бітік тастарда бейнеленген бүкіл тотемдерді тасбақа көтеріп тұр. Біздің барша түсініктерімізді ежелгі шеберлердің тасбақаның арқасына артып қоюы тегін емес шығар. 

Америкалық үндістерде «тотемдік бағаналар» көп кездеседі. Ағаштан ойылған бұл бағаналарда белгілі бір тайпаның бүкіл тотемдік белгілері өз ретімен мифологиялық тұрғыда бейнеледі. Ежелгі тотемдер жоғарыда, одан кейінгілері томеннен орын тапқан. Көптеген тотемдік бағаналарды қарап отырып Америкалық үндістердің ежелгі тотемдерінің бірі самұрық құс болғаны байқалады және бұл халықтың басына құстың қауырсындары қадалған баскиім киетінін есіңізге түсіріңізші. Әрине, самұрық құс деп отырғанымыз құстың үлкендігін білдіру мақсатында. Ал, үндістердің өз тілінде «қасиетті қанатты» немесе «күркіреу құсы»(аспанның күркіреуі) деп аталады. Аңыз бойынша бұл құс ұшып келе жатқанда қанатынан жел тұрғызып, найзағай шақырады. Есіңізге ештеме түсірмей ме? Ертөстік ертегісіндегі балапандарына асыққан «алып қара құс» та ұшып келе жатқанда қанатынан дауыл көтеріліп, көз жасы жауын болып жауатын еді ғой. Екі аңыздағы алып қара құстың түбі бір болуы әбден мүмкін. Мұның үстіне, Күлтегіннің бас мүсінінің маңдайындағы самұрық құсты қосыңыз. 

Екі халық арасындағы ең ескі тотемизмдік түсініктегі ұқсастықтар самұрық немесе алып қара құстың және тасбақаның төңірегінде топтасады. Және екі халық та өздерінің ежелгі тотемдеріне өте үлкен құрметпен қараған. Бірінде арнайы ағаштан бағаналар ойылса, екінші халық даладағы тастан қашалған ескерткішіне өз тотемдерін ғажап шеберлікпен сыйғызған. 

Ит жүгірткен шаңғышылар немесе тосын болжам 

Азиялық халықтар Америка құрлығына 3 дүркін қоныс аударды дедік. Алдыңғы екеуіне көзің түгілі, көңілің жетуі қиын. Ал, соңғы көш «ит жүгірткен шаңғышылар» көші болды деп болжауға мүмкіндік беретін деректер баршылық. 

Ит - ғалымдардың дәлелдеуінше осыдан 10-15 мың жыл бұрын адамзаттың ең бірінші қолға үйреткен жануары. Олардың арғы тегі қасқырдан, кейбір иттердің түпкі тегі шибөрілерден таратылады. Адамның бүгінгі күнге дейінгі ажырамас досы болып келе жатқан ит ең бірінші Оңтүстік Азияда қолға үйретілді. Бірақ, әлі де олардың адам қолына өздері үйренгені немесе адамдар үйреткені дәлелденген жоқ. 

Біз сөз етіп отырған Американың ежелгі халықтарында да қолға үйретілген ит болған. Олар тіпті бұл жанурларды жер бетіндегі ең бірінші пайда болған және ең соңғы өлетін жануар ретінде сенген. Алғашында ғалымдар жаңа құрлықтағы иттердің тамырын Солтүстік Америкадағы қасқырлардан тарады деп ойлады. Мексика, Перу, Болливия сияқты жерлерден табылған ежелгі үндістердің иттерінің ДНК сараптамасы сәйкес келді. Тек, Солтүстік Америкалық қасқырлардың ДНК-сымен емес. Олардың ДНК сараптамасы Кәрі құрлықтың қасқырларымен сәйкес келетін еді. 

Иә, Америкаға қоныс аударған Азиялықтардың соңғы үшінші дүркін көші кезінде олардың қасында қолға үйретілген иттері болды. Ал, шағышылар кім? 

Әрине, прототүркілер. Жоқ. Протоскифтер дегеніміз жақындау болатын сияқты. Сіз бүған келісерсіз. Бірақ, біздің бабаларымыздың осыдан 10-15 мың жылдар бұрын шаңғы тепкеніне келісе қоясыз ба? 

Ең ежелгі шаңғышылар ретінде Норвегиялықтар аталады. Осы елдің тастарынан табылған суреттерде шаңғы теуіп жүрген адамдар кездеседі. Ал, оның жасы 4500 жыл. Кейіннен жастары 8 мың жылдан асып түсетін дәл осындай шаңғышылар суреттері Швецария мен Ресейдегі Орал тауларынан табылған болатын. Бірақ, Норвегияны атағынан ешкім айырған жоқ. Сонымен, осы уақытқа дейінгі келтірілген деректер шаңғының жасын 8 мың жылға апарады. Ал, бұл кезде протоскифтер жаңа құрлыққа өтіп кеткен болатын. 

2005 жылы Алтай тауларындағы «Дұндырбұлақ» деген жерден тастағы сурет табылды. Ол суретте бір қатарда кетіп бара жатқан жеті адам бейнелерген. Бастарында шошақ баскиімдері бар. Алдыңғы төрт адамның артында жануарлардың бейнелері бар. Ал, қалған үш адам белдерін сәл бүгіп, сыңар таяққа сүйеніп шаңғы теуіп барады. Бірақ, бір қызығы бұл сурет қашалмаған, бояумен салынған. Ал, суреттің жасы шамамен 12 мың жыл. Бұл тұста бояу қайдан жүр. Әрі, ғылымы дамыған заманның өзінде оншақты жылдан ары өз реңін сақтап тұратын бояу табылмай жатқанда, тастағы ежелгі халықтың 12 мың жыл бұрынғы суретінің бүгінге жетуі адам сенгісіз дүние. Бірақ, қарапайым адам таң қалса да, ғылым таңқалыссыз. Себебі, Франция, Испания сияқты мемлекеттер территориясынан тастарға бояумен салынған 20-30 мыңжылдық суреттер кездеседі. Яғни, тастардағы ежелгі бояумен салынған суреттердің бізге бұзылмай жетуі әбден сенерлік құбылыс. Бұл жаңалық талас тудырмай қоймайды. 

Осыған орай шаңғы отаны саналатын Норвегиялықтар бастап, он шақты елден ғалымдар тобы Алтайлық тастағы суреттің айналасына үймелесті. Нақты фактілерге сүйене отырып ғалымдар суреттің жасы 10-12 мың жыл деген қорытындыға келді. Кейбіреулері 20 мыңға жеткізді. «New York Timеs» газетіндегі биылғы жылы шыққан мақала да осы деректерді қуаттайды. 

Яғни, біздің далада қозғалыс құралы ретіндегі шаңғы 10 жылдан ары уақытта пайда болса, жаңа құрлыққа ауған палеоазиялықтардың соңғы легі бизон соңынан жүріс өндіру мақсатында шаңғымен жүріп отырды дегеніміз логикаға сиятын болжам. Әрі шаңғышы халықтың жанына ерткен сенімді достары болды. Ал, бұл дерек бүгінгі күнгі сібір халықтарының шанаға ит жегіп жүруінің алғашқы кезеңі болмады ма екен деген де болжам туғызады. Әрине, балдаққа сүйеніп, тұралап тұрған болжам. Ары қарай зерттей түсесің. Америкалық үндістерде иттердің мақсатына қарай үш топқа бөлінетінін көзің шалады. Ол иттердің бір бөлігі шанаға жегілетін болғанын оқығанда тіпті кеудеңді қуаныш кернейді. Иә, болжамың сүйенген бір балдағын тастап, сығар балдақпен-ақ нық тұра алатын жағдайға жетті. 

Сонымен, шаңғының отаны Алтай. Көз алдыңа Алтайдан ауған Азиялықтардың соңғы легі ит жетектеп, кейбірі шаңғысына ит жегіп шығысқа қарай жылжып бара жатқаны келеді. Жаңа жерлерді бағындыруға деген құлшыныс бабаңның бойында осы сәттерден-ақ бастау алғанын сезінетіндейсің. 

Тастағы аң қуған шаңғышылар. Бұл біз үшін ғана емес, сол тұстағы халық үшін де тарихи сурет болуы мүмкін. Иә, палеоазиялықтардың соңғы көші дәл осы суретте бейнеленген болса ше? Бұл суретті көшкен жұрттың туған жерде туатын тың ұрпаққа қалдырған тастағы баяны немесе үлкен іс алдындағы жұрттың жантебіренісі десек ақылға сияр ма? Әрине, бұл болжам адам бойындағы әр ісіне бір белгі қойғысы келетін қызығушылықты ғана сүйеу етеді. Басқа ештеме емес. 

Соңы...
Бөлісу:
Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз
Өзгерту

Соңғы жаңалықтар

Қышқыл жаңбыр деген не?
Қышқыл жаңбыр деген не?
Ғалымдар неге пандемияны тоқтата алмай отырғанын айтты
Ғалымдар неге пандемияны тоқтата алмай отырғанын айтты
Шоқан Уәлихановтың қазақ оқ-дәрісі туралы жазғаны
Шоқан Уәлихановтың қазақ оқ-дәрісі туралы жазғаны
Роутер жылдам істеу үшін қайда тұрғаны жөн?
Роутер жылдам істеу үшін қайда тұрғаны жөн?
Шаш түсу: Алдын алудың қарапайым жолы
Шаш түсу: Алдын алудың қарапайым жолы
Көне сөздер көмбесі
Көне сөздер көмбесі