Айқасқан жазулар

Айқасқан жазулар
Фото: dreamstime.com

Әлемдік пошта жүйесі түрлі өркениеттен өтті. Заттар әр заманның ыңғайына қарай тасымалданып, хаттар түрлі әдіс-тәсілмен жазылды

Қайта өркендеу дәуірінде хат тасымалдау құны қымбат болатын. Оның бағасы хаттың салмағына, көлеміне, жеткізу орнының қашықтығына байланысты өзгеріп отырған. Адамнан айла қалған ба?! Қағаз бен ақшаны үнемдеу үшін хат жазушылар бір параққа сыймай қалған жазуларды айқастырып жаза бастайды. Осылайша айқасқан жазулар пайда болды. Бұл әдіс алғаш ағылшын пошталарында қолданылып, "сrossed letter" деп аталып кетті. 

XIX ғасырға дейін хаттарға конверт қолданылмайтын. Парақтың бір бетінде хаттың мәтіні, екінші бетінде мекен-жай, хат жіберуші мен алушының аты-жөндері жазылады.

Бір бетке бүкіл сырыңды сыйдыру мүмкін емес, сондықтан хат жіберу қымбат шақта айқасқан жазулар таптырмас әдіске айналды. Жазуларды оқу үшін, әлбетте, көзге біраз салмақ түсіру керек, бірақ кейбір айлакерлер түрлі түсті сияларды пайдалана бастады. Олар оқуға жеңіл болуы үшін тігінен көк, көлденеңінен қызыл сиямен жазатын болған. Кейде екі адамға арналған мәтіндерді де осы әдіспен жазған. Ағылшын жазушысы Джейн Остиннің ағасы Чарльз, қарындасына хат жіберерде дәл осы әдіспен түрлі сияларды пайдаланған екен.

Massaget.kz