Аспандағы мейрамхана

Аспандағы мейрамхана

Дәмі тіл үйірер, көрінісі көз тартар ерекше тағамдарды көргенде, сілекейіңіз шұбырып, армансыз жеп алғыңыз келіп тұратыны рас. Әсіресе, мұндай тағамдарды аспан әлемінде отырып аузыңызға салатын болсаңыз, ғажап емес пе? Рас айтамыз, түскі немесе кешкі асыңызды аспанда отырып жеуге қалай қарайсыз?

Алайда, мұндай таңғажайып сәтті бастан өткеру үшін Еуропаға сапар шегуіңізге тура келеді. «Dinner In The Sky» атты мейрамхана алғаш рет Бельгия жерінде ойлап табылған болатын. Бүгінде мұндай дәмханалар Еуропаның көптеген қалаларында «ілініп» үлгерді.

Арнайы жасалған крандардың көмегімен мейрамхана 50 метр биіктікке көтеріледі. Қонақтардың қауіпсіздігі толықтай қамтамасыз етілген. Ол үшін спорттық автомобильдің орындықтарына ұқсас крселоға отырасыз, содан кейін мейрамхана қызметкерлері сізге төрт қауіпсіздік белбеуін тағады.

Асылған үстелде бір мезгілде 22 адам тамақтана алады. Келушілерге үстелдің ортасына орналасып алған қолдарынан бал тамған үздік 6 аспаз қызмет көрсетеді. Ал егер сүйіктіңізбен романтикалық кешкі ас ішкіңіз келсе, тіптен жақсы. Әдемі безендірілген дастархан жайылып, гүл шоқтары қойылады да, жанды дауыста ән салатын музыканттар екінші кранның көмегімен биікке көтеріледі.

Елестетіп көріңізші! Әуезді ән тербеліп тұр... Ай-жұлдызы жымыңдаған аспан астында сүйіктіңізбен тамақтанып сіз отырсыз... Ғажап емес пе?

Әрине, қала көшелеріндегі салтанатты мейрамханаларда тамақтанған да жақсы, бірақ көкте отырып дәм татып көргенге не жетсін!

Суреттер:drugiestrany.ru,technabob.com,binjoomen.com,slashfood.com

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева