Әлемдегі ең үлкен ғимарат

Әлемдегі ең үлкен ғимарат
Фото: 1001fact.ru

Әлемдегі ең үлкен ғимарат Қытайдың Ченду қаласында орналасқан. Үлкен мегаполистегі бұл алып ғимараттың атауы – «Жаңа дәуір».

Оның ұзындығы 500 метр болса, ені – 400 метр, биіктігі – 100 метр. Орташа есеппен бұл ғимараттың ауданы 1,76 млн м2 аумақты алып жатыр. Нысан бірнеше бөлікке бөлінен. Ең ортаңғы, негізгі бөлігіне жұмыс кеңселері, мәжіліс залдары және 1000 адамға арналған екі бірдей бес жұлдызды қонақ үй орналастырылған. Ал 400 м2 аумақты сауда павильондары мен дүкендер алып жатыр.

«Жаңа дәуірде» соңғы үлгідегі университет кампустары да бар. 14 залдан тұратын кинотеатр, заманауи мәдениет орталығына айналған 30 мың м2 жерді алып жатқан мұражай, 1800 адамға қызмет атқаратын театр да осы жерде. Жылдың қай мезілі болса да, қызметін тоқтатпайтын Жерорта теңізі жағалауындағы ауылды бейнелеп тұрған үлкен сырғанақ алаңы – туристерді ең көп қабылдайтын орын.

Ал, ғимараттың ең көрікті орындарының бірі – «Парадиз аралы» аквасаябағы. Бұл аквасаябақты аралап жүріп жасанды жағалауға шығуға мүмкіндік бар. Ол жағалаудың әдемілігі сонша, тіпті адам өзін теңіз жағасында демалып жүргендей сезінеді. Құм төселген айлаққа толқын ұрып, кей кезде жасанды жел де соғылады екен. Бұл жағажайда бір мезетте 600 адамға дейін демала алады.

Бұл ғимаратқа аптаның барлық күнінде жасанды күн сәулесі түсіп тұрады. Бұл механикалық құрылғы бір уақытта жарықты реттеп, зәулім сарайдың ішіндегі жылуды реттейді. Осы күнге дейін жасанды күн жүйесін мұндай үлкен ғимараттарға орнатқан емес. Сондықтан, «Жаңа дәуірдің» ең басты ерекшеліктерінің бірі–осы артықшылық.

Сауда орындарынан дәмді тағамға қарын тойдаруға болады. Дәмханалардың көптігі сонша – тіпті жағалауларда да тамақтану орталықтары қаптап тұр.

Орталықтың жанында көлік тұрағына 15 мың орын бөлінген. Ал, ғимараттың қақ алдына билейтін үлкен субұрқақтар орнатылған. Бұл субұрқақтың құрылысы қиын болғаны сонша, мамандар оны салу үшін 3 жыл уақыт кетірген.

Ғимараттың барлық құрылысына жауапты, осы идеяны жүзеге асырған британ архитекторы – Заха Хадид. Осы жұмысы үшін Захаға 2004 жылы әлемдік деңгейде үлкен жүлде табысталды.

А. Қажиев