Қараңғы түнек 69 күн күн көрсетпеді

Қараңғы түнек 69 күн күн көрсетпеді
Фото: wall.alphacoders.com

2010 жылдың жазында бүкіл әлемді дүрліктіріп, баспасөз қызметкерлеріне үлкен азық болған оқиға орын алған еді. Дәлірек айтсақ, 5 тамыз күні.

Чилидің Сан-Хосе шахтасында жарылыс болып, 33 адам 700 метр тереңдіктегі жер астында қалып қойды. Көртышқанның күйін кешкен шахтерлар сол қараңғы қапаста тұп-тура 69 тәулік күн кешті. Жоғарыдан көмек келеді деп сенген шахтерлардың үміті 1 ай уақыт өткеннен кейін күдікке айнала бастады. Десе де, азық-түлік пен барлық тамақ болуға жарайтын дүниені үнемдеп, есептеп отырған отыз үштің көрер жарығы алда екен. Апаттан кейін алпыс тоғызыншы күні күн көзіне көрінген кеншілер бұл түс пе, өң бе ажырата алмады. Себебі, көбісі қараңғы түнекте әр күнді ажалын күтумен өткізді. Тек бір ғана Эдисон Пенья есімді азамат өмір сүруге деген құлшынысты тоқтатқан жоқ. Жеті қат жер астында жүрсе де қорқынышын жеңу үшін жер асты өткелінде жүгірумен айналысып, денсаулығын нығайтып, денесін шынықтырды. Қайғы, қорқыныш деген адамның бойын оңай билеп алатын сезімдер зырлаған уақытпен бірге өтті де кетті. Қараңғы түнектен кейін жарқырап күн шықты. Эдисон жердің астынан, жердің бетіне көтерілген кезде оны жаңа өмір қарсы алды. Өз-өзін жеңе білген оның ерлігі әлемге тарап, қарапайым қара жұмысшы сыйлы тұлғаға айналды. Шахтер–қазіргі күні танымал марафоншы. Бүгінде өмірді сүю, қиындыққа төзу жайлы тренингтер өтсе, Эдисонның есімі міндетті түрде аталады. «Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме». Абайдың осы бір сөзі де Эдисонның ерлігін, сөзсіз қуаттап тұр.

Құрметті оқырман! Біздің мақалаларды енді Телеграм мессенджері арқылы оқи аласыз. Арнамызға қосылыңыз!

А. Қажиев