100 миллион долларлық экспонат Үндістан мұражайынан жоғалып кетті

100 миллион долларлық экспонат Үндістан мұражайынан жоғалып кетті

Үндістанның Рева қаласының мұражайынан белгісіздер көрмеге қойылған өте бағалы экспонатты ұрлап әкеткен. Жергілікті валютамен санасақ, жоғалған заттың құны – 5 миллиард рупи, деп хабарлайды NDTV телеарнасы.

Заттың ұрланған уақыты әлі де анықталмаған. Десе де, күдіктілер бір қарауылды мылтықпен атып, мұражайға кірген. Олар тек кешкі немесе түнгі уақытта кіруі мүмкін деген болжам айтылды. Таңғаларлығы, мұражай полиция бекетінен 500 метр жерде орналасқан екен.  

Әйгілі махараджа қазыналары Үндістанның бірнеше цемент зауыты бар қаласы Реваның меншігіне 1948 жылы егемендік алған кезінде ғана өтіп кеткен екен. Байлық XVI ғасырдан бері Вахгел деп аталатын династияның қазынасы саналып келген. Содан бері тарихта мың мәрте ұрылардың нысанына айналған қымбат алтын-күмістер мұражайдың мақтанышы болыпты.

Жергілікті құқық қорғау орындары бұл іске қатысы бар адамдар қатарында мұражайдың қызметкерлері барын айтып, мәлімдеме жасады.

Соншама уақыт бойы бар әлемнің барымташылары қызығып жүрген ен байлыққа «алтын көрсе періште жолдан таярдың» амалымен тәуекелге бел буған да шығар, біз қайдан білейік...

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: ntv.ru

А. Құлтай