Ойыншық кеме Шотландиядан Африкаға жүзіп барады

Ойыншық кеме Шотландиядан Африкаға жүзіп барады
Фото: vk.com

Шотландияның Абердиншир аумағында тұратын Фергюсон отбасы, нақтырақ айтсақ, отағасы Макнил мен оның Олли (8 жас) және Гарри (5 жас) есімді ұлдары теңізге ойыншық кеме жіберген.

Алдымен олар кемені қажет заттармен жабдықтаған. Кейін оған Adventure ("Шытырман оқиғалар") деген атау беріп, осы жылдың мамыр айында теңіз саяхатына аттандырыпты. Фергюсондар кеменің жолында кездескен адамдарға арнап хат жазған екен. Онда Олли мен Гарри "Шытырман оқиғаларды" көргені туралы ақпарат беріп отыруды сұраған. Олардың өтініші орындалды.

Қазір кеме 630 километр жол жүріп, Дания жағалауына жеткен көрінеді. Ол туралы ақпаратты хатты оқыған адамдар жеткізіп отырған. Даниядағылар кеменің одан әрі сапарын жалғастырғаны туралы хабардар еткен.

Кейін, кемені Швеция жағалауынан егде әйел тауып алады. Ол Фергюсондарға кеменің бұтаққа тіреліп қалғанын айтып, кейін оны сәл жөндеп, теңізге қайта жібергені хақында хат жазады.

Кейін кеме Норвегияға жеткен. Онда жергілікті БАҚ «Солтүстік теңізді жүзіп өткен кеме» атауымен мақалалар жариялаған. Кішкене кеме одан әрі жүзіп, жолда  "Кристиан Радич" кемесіне жолығады, борт құрамы "Шытырман оқиғаларды" өздерімен бірге Африка жағалауларына алып бара жатқанын айтады. Олар ойыншық кемені Жасыл мүйіске жеткенде теңізге қайта жіберетіні туралы хабарлады. Кейін ол Атлант мұхитымен жүзетін болады.

А. Оралқызы