Алып құрылыстар: Жартастан ойылған өнер туындылары #2

Алып құрылыстар: Жартастан ойылған өнер туындылары #2
Фото: eSosedi

Әлемнің ірі өнер туындылары жайында алдыңғы тақырыпта сөз қозғадық. Мұндай құрылыстардың қарапайым жұмыс қолымен қалай салынғаны адамзатты әлі де таңғалдырып келеді, дегенмен қара күшпен, ақ термен тұрғызылған бұл «жобаларды» біз бүгінде өзімізше өнер туындысы деп атап жүрміз. Бұл құрылыстар көне дәуірдің қандай да бір қажеттіліктерін өтеген болар, алайда қазіргі заман үшін бұл – өнер туындысы. 

Египет Арыстаны (Сфинксі) 

Гиза жазығындағы Ұлы Арыстан – әлемге ең танымал тарихи ескерткіштердің бірі. Десек те, көне шаһардың орнында тұрғызылған бұл құрылыс біздің дәуірімізге дейінгі мыңжылдықтарда салынған. Ұлы Египет Пирамидалары – адамзат тарихының мәдени жәдігері. Гиза пирамидалары Каир шаһарынан оңтүстік-батыс бағытта орналасқан алып кешен, алайда тарихи ескерткіштердің ішінен Ұлы Сфинкс жұмбақ әрі мистикалық құрылыс саналады. Алып Арыстанның ұзындығы 75 метрді құраса, биіктігі – 20 метр. 

Дацзу жартас рельеві 

Қытайдағы Дацзу атты шағын кентте тарихи-мәдени жағынан өте құнды жартасқа бедерленген бейне табылған. Бұл бедерлі мүсіннің құндылығы – буддизм тармақтары – конфуцийлік ілім мен дао ілімдерінің мәдени жағынан әрі тармақтала қоймаған тарихи дәуірінде салынғандығы. Яғни, үш мәдениеттің де белгілерін өзінің бойында сақтай алған. Экскурсия барысында көптеген үлкенді-кішілі будда мүсіндерін, әртүрлі күрделі ою-өрнектерді, көркем бейнелер мен бояуларды, көлемді террасаларды тамашалауға, күңгірт кестелі мистикалық болмысын сезінуге болады. Бұл ерекше объект VII ғасырда салынған көрінеді. Құрылыс билікке әртүрлі династиялардың келуімен толықтырылып, өзіндік жеке стильдер қосылып отырған. Әрі мұндай кірпияз жұмыстың тастан қашалып жасалғанын ұмытпайық. 

Махабалипурама храмы 

Будданың храмдары туралы айтқанда Үндістанның храмдарын қалайша ұмытуға болады. Үндістанның мұхитқа жақын жағалауында тастан қашалған зәулім храм табылған. Махабалипурама храмы – дәл жағажайда, құмның үстінде салынған экзотикалық архитектуралық құрылыс. Жартас қабырғаларына қашалып салынған күрделі мүсіндерді, піл мен адамның әртүрлі бейнелерін тамашалауымызға болады. 

Рашмор тауы, АҚШ 

АҚШ-тағы Рашмор тауы жартасы – өзге жартас туындыларына қарағанда әлдеқайда жас. Оның жасы бір ғасырға да толмаған, егер білгіңіз келсе. Заманауи техникалық құралдардың жетістігі десек болады. Скульптура өткен ғасырдың ортасында салынған. Гранит тастан қашалып жасалған АҚШ президенттері – бұл алып мемлекеттік тәуелсіздігінің, билігі мен өктемшілдігінің белгісі. «Президенттердің» тек бет тұлғасының ғана биіктігі 20 метрді құрайды. 

Лэшань Буддасы 

Бұл алып Будда Қытайдың Лэшань қаласының оңтүстік бөлігінде орналасқан. Будда мүсінінің жан-жағы ну орман. Тақта отырған Будданың мүсіні VIII ғасырда жасалған екен. Ал биіктігі – 70 метр. Будданың мүсіні қара-қошқыл құз жартастың қиясына қашалып салынған, ал төбесін жунглий ағаштары басып жатыр.  

М. Ақан