Дубайда ең үлкен кітапхана салынбақ

Дубайда ең үлкен кітапхана салынбақ
Фото: pinwallpaper.xyz

Әлемде ең ірі бірнеше мәдениет ошақтары (кітапхана, мұражай, театр, т.б.) бар. Олардың барлығы да халық игілі үшін мақсатты түрде жұмыс жасап жатыр. Халықтың мәдениетке, ұлттық әдебиетіне деген шексіз махаббаты осындай орындарға көптеп келуімен өлшенсе керек. Бұл бабалар аманатына адал болу, өткен тарихқа көз жүгірту, үңілу екені мәлім. Бұдан бөлек бұл адамның отанына деген құрметі мен қадір қасиетін арттыратыны сөзсіз.

Алыстан көз тартар зәулім, биік ғимараттарымен әлем назарын өзіне аударған арабтар тағы да бір ірі құрылысты бастауға шешім қабылдады. Бұл құрылыс нысаны басқаларға қарағанда ерекше болмақ. 

Дубай билігі билеушілері Мохаммеда Бен Рашид Аль-Мактум атындағы құны 272 миллион доллар тұратын кітапхана құрылысын салуға тапсырма берді. Кітапхана араб әлеміндегі ең ірі мәдени орынға айналғалы отыр, - деп хабарлайды Arabian Business басылымы. 

Құрылыс нысаны осы жылдың қыркүйек айынан басталып, 2018 жылдың ортасында аяқталады.

Кітапхана аумағы 650 мың квадрат метрді құрап, жылына 42 миллион келушілерді қабылдайды. Оның қорына 4,5 миллионға жуық кітаптар: 1,5 миллион басып шығарылған кітап, сонымен қатар сандық және аудиокітаптар жинақталады. Ішінде 8 арнайы мамандандырылған кітапханасы да болады. 

Кітапхана құрылысының тендерін қандай компания жеңіп алғандығы хабарланбаған. 

Ғимарат ашылған кітап пішінінде салынбақ. Онда жылына 100-ге жуық мәдени мерекелік шаралар мен салтанатты кештер өткізіледі. Сондай-ақ кітапхана ішінде мұражай мен басқа да мекемелер орналасы деп күтілуде. 

Дубайлық басшылықтың айтуынша кітапхананың басты мақсаты — кітап оқуды насихаттау, халықтың рухани дүниесін байыту және де «араб тілін қорғау мен араб мәдени мұрасын сақтау» екен. 

Ж. Жұмағұлов