Қауын Мысырдан келген бе?

Қауын Мысырдан келген бе?
Фото: mobile.cafemom.com

Қауын-қарбыз – жаз маусымының символы іспетті. Дәмі тіл үйірер, ыстық күнде шөл қандырар қауын-қарбыздың біздің елге қайдан келгенін білесіз бе? Қауын мысырлықтардың сүйікті асы болғанға ұқсайды. Бұлай деуге көп себеп бар. 

Қауынның отаны

Қауынның ең алғашқы пайда болған мекенін дөп басып айту қиын. Дегенмен, қауынның отаны – Египет деп тұжырым жасауға бірнеше дәлел бар. Есте жоқ ежелгі заманнан бері египеттіктер Ніл өзенінің аңғарларында қауынның алуан түрлі сорттарын өсіріп келген. Қабырғаларға салынған қауын суреттері мұның айқын дәлелі бола алады.

Құдайларға құрбандық шалынып жатқан мұндай суреттер көне Египет ғибадатханаларынан, табыттардан табылған және олардан қауын суретін байқау аса қиын емес. Жер бетіндегі барлық мемлекет қауындар Египеттен тараған деседі. Арабтар ортағасырларда қауынды Жерге түскен «жұмақтың жемісі» ретінде таныған.

Қауын гректер мен римдіктерге де бағзы замандардан бері танымал. Италиялықтардың сүйікті тағамы болғаны соншалықты, зиялы қауым өкілдерінің өзі тамақтану мәдениетін естен шығара отырып, қауынды асқан ашқарақтықпен жейтін болған. Тарихшылардың айтуынша, Рим императоры Клавдий Альбин таңғы асқа он қауынды бірден жеген екен.

Қауынның құрамы және пайдасы

Қауынның құрамында: қант, А, Р, С дәрумендері, аскорбин қышқылдары, темірдің минералды тұздары, калий, натрий және фруктоза, сахароза, глюкоза көміртектері бар. Ол жаздың аптапты ыстық күндері шөлді жақсы басады.

Қауынды ыстық немесе салқын тағамдармен араластырып жеу асқазанға өте зиян, сондықтан тамақтан кейін немесе тамақтан соң 2-3 сағаттан соң жегеніңіз абзал.

Г. Берік