Президенттер қай жерде отырады?

Президенттер қай жерде отырады?
Фото: wordpress.com

Басшысыз ел болмайды. Резиденциясыз басшы болмайды. Үкімет басшысымен, кеңесшілерімен бас қосып, елдің мәселесін қозғайтын ірі жиналыстар басшының "үйінде" өтеді. Әлем елдерінің басшылары мемлекетті қай жерде отырып басқарады екен? Оны бірге білейік.

Ватикан. Апостолдық сарай – Рим Папасының резиденциясы. Ол Әулие Петр алаңының жанында орналасқан, құрамында XVI ғасырдың соңында бой көтерген бірнеше ғимараттар кешені бар. Сонымен қатар бұл жерден Римдік-католиктік шіркеу басшысының апартаментін, шіркеу әкімшілігін, Ватикан кітапханасын және мұражайын көруге болады. Католик шіркеуінің кейбірі Микеланджелоның суреттерімен безендірілген. Кешеннің жалпы көлемі – 5 га. Барлық мұражайлар туристер үшін қолжетімді. Қарапайым билеттің құны – 14 еуро. 

Мальта. Оберж де Кастилье – премьер-министрдің резиденциясы. Үш қабатты ресми резиденция 1574 жылы Валетта қаласында тұрғызылған. 1741 жылы жүргізілген жөндеу жұмыстары нәтижесінде бүгінгідей ғимарат пайда болды. Барокко стилінде салынған ғимаратқа алғашқыда жолаушылар түсетін қонақ үй және рыцарьлық штаб-пәтері орналастырылған екен. 1814 жылы Мальта Ұлыбританияның колониясына айналып, ғимаратты британдық әскерлерге береді. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде әбден қираған сарай қайта қалпына келтіріліп, 1972 жылы премьер-министр резиденциясы лауазымын алады.

Италия. Киджи сарайы – премьер-министр резиденциясы. Альдобрандини ақсүйектер отбасының бастамасымен 1580 жылы тұрғызылған Киджи Римнің қақ ортасында тұр. Бес қабатты ғимаратқа 1659 жылы Киджи әулеті қарамағына алып, жаңа атау (бүгінгі) берді. 1872 жылдан бастап бұл сарай Австро-Венгрияның Италиядағы елшілігінің резиденциясы болады. 1916 жылы сарай мемлекет меншігіне өтіп, отарлау, кейіннен шетелдік мәселелерді қарайтын министрлікке беріледі де, 1922 жылы Бенито Муссолини қоныстанып, сонан бері мемлекет басшысына қызмет етіп келеді.

Болгария. Евксиноград сарайы – президент резиденциясы. Евксиноград 1890 жылдары Қара теңіз жағалауында бой көтерді. Болгария патшасы І Фердинандтың ойынша, бұл сарай пруссия әскерімен болған соғыста қиратылған Париждегі Орлеан сарайының көшірмесі болу керек еді. Патша тапсырысымен, құрылыс орнына француздық үй-жайдың қалдықтары әкелінеді. 1946 жылы Евксиноград Болгар Халық Республикасы әкімшілігінің резиденциясы атанса, 1989 жылы президент пен үкіметтің ресми резиденциясына айналады. 80 гектарды құрайтын үш қабатты кешеннің құрамында саябақ, жылыжайлар, жүзім алқабы, бассейн, боулинг, маяк және шағын қонақ үйлер бар. Ал сарай жертөресінде 130 жылдық тарихы бар шарап топтамасы сақталған.

Швейцария. Федералдық сарай – президент резиденциясы. Швейцария сарайы Бернаның орталығында орналасқан. Сәулетші Ганс Ауэрдің жобасы бойынша 1902 жылы салынды. Ғимаратқа шамамен 7 млн. швейцарлық франк жұмсалған. Сарай шығыс қанат және батыс қанат аталатын екі ғимараттан тұрады. Батыс қанат 1856 жылы салынған екен. Сарайдың күмбезін қосқандағы ұзындығы – 64 метр.

Франция. Елисей сарайы – президент резиденциясы. Елисей сарайы 1718-1722 жылдары сәулетші Арман Клодтың басшылығымен салынған. О бастағы мақсат та Д`Эвреге арналған резиденция жасау болатын. Графтың өлімінен кейін 1753 жылы XV Людовиктің иелігіне өтеді. Үш рет қайта құру жұмыстары жүргізілген.

Ресми резиденция лауазымын 1874 жылы алды. Осы жылы мұнда Патрис де Мак-Магон қоныстанған. Елисей атауы 1786 жылы жақын маңдағы Елисей алқабына байланысты алған. Үш қабатты сарайда 365 бөлме бар. Сондай-ақ, Елисей сарайының астында президенттің ядролық күштерді қолдануға бұйрық беретін бөлмесі орналасқан.

Ұлыбритания. Даунинг-стрит, 10 – премьер-министрдің резиденциясы. Үй 1677-1680 жылдары соғылған екі ғимараттан тұрады. Бұл жер 1732 жылы бас қазынашының резиденциясы болған. Премьердің тұрғын үйі ретінде 1902 жылдан бастап атала бастады, оған дейін премьерлер жеке үйлерінде тұрған. 1991 жылдың 7 ақпанында резиденцияға миноменттен оқ атылады. Алайда, ғимарат ішіндегілер де, Джон Мейджор да зардап шекпеді. Резиденция 3 қабаттан тұрады. Үйде 216-ға жуық қызметшілер жұмыс істейді екен. 2007 жылы осы резиденция үшін 17,8 млн. британдық фунт жұмсалған.

Германия. Бельвю сарайы – Берлиндегі Тиргартен саябағының солтүстік бөлігінде тұр. Қорғанда федералды президенттің резиденциясы орналасқан. Неміс үкіметінің қала сыртындағы резиденциясы Мезеберг ғимаратында екен. Ал Германияның федеральді канцлері Ангела Меркель Берлиннің орталығындағы, Пергамон мұражайына қарама-қарсы жердегі жеке пәтерінде тұрады.

Аустрия. Хофбург император сарайы ˜– Аустрия президентінің резиденциясы. Венаның қақ ортасында орналасқан. Бұл ғимарат кезінде Гасбургтердің резиденциясы болған екен.

Украина. Городецкий үйі–Украина президентінің киевтік резиденцияларының бірі. Бұл ғимарат Городецкий үйі деген атпен танылған. Себебі, үй сәулетші Владислав Городецкийдің жобасы бойынша салынған екен. Шебер бастапқыда үйді өзі үшін салған, ол мұнда 1903-1913 жылдары өмір сүрді. Тарихи-ескерткіш мифологиялық мүсіндермен, аңшылық тақырыптағы өрнектермен безендірілген.

Чехия. Прагалық Град – президенттің ресми резиденциясы. Бұл – аумағы жөнінен әлемдегі ең үлкен резиденция саналады. Прагалық Град ІХ ғасырда салынғанымен, бірнеше рет қайта жөнделіп, кеңейтілген.

Қазақстан. Ақорда – Қазақстан Республикасы президентінің резиденциясы. Астана қаласы Есілдің сол жағалауындағы жаңа әкімшілік орталығының аумағында 2001 жылдың қыркүйек айында салына бастады. Ғимараттың жалпы көлемі 36 720 шаршы метр. Қазақстан Республикасы Президентінің Ақордасының ресми тұсаукесері 2004 жылы желтоқсанның 24 күні өтті. Ғимарат қазіргі заманғы құрылыстың ең таңдаулы әдістерін қолдана отырып, монолит құйматастан салынған. Шатырсүмбіні қоса есептегендегі ғимараттың биіктігі – 80 метр. Қасбеттің қаптамасы қалыңдығы 20-40 см. болатын итальян мәрмәрінен жасалған. Ғимарат жер бетінде 5 және жер астындағы 2 қабаттан тұрады, оның ішінде жер бетіндегі 1-қабаттың биіктігі – 10 м, қалған қабаттардың биіктігі – 5 м.

Г. Берік