Ақсақалдардың төл мерекесі

Ақсақалдардың төл мерекесі

Польша елі 21 қаңтарда әжелерін құттықтаса, 22 қаңтарда «Аталар күнін» атап өтеді. Бұл күні әулеттің бар мүшелері ата-әжелерінің үйіне жиналып, қарттарды төл мерекелерімен құттықтайды. «Аталар күні» де мемлекеттік мейрамдардың қатарына енген.


Қоғамда жүргізілген сауалнама нәтижесі поляк халқының бұл мерекені ерекше атап өтетіндігін көрсетті. Сауалнамаға қатысқан көпшілік әжелерге қарағанда, аталар немерелеріне көп уақыт бөлмейтінін алға тартты. Алайда олар алған тәрбиесі мен өмірде қол жеткізген жетістіктері үшін аталарына үлкен алғыс білдірген.

Бұл күні аталарға сыйлықтар тарту етіледі. Әдетте, «Аталар мерекесінде» немерелер аталарымен бірге саябақтарды аралап, серуенге шығады. Кейін барлығы дастарханда бас қосып, отбасылық мерекені бірге тойлайды. Немерелер аталарының құрметіне өлең оқып, ән салады.


Бірінен кейін бірі болатын қариялар күнінде ең бастысы ата-әжеге арналған сый-кәделердің орнын ауыстырып алмау керек. Екі мерекенің басты мақсаты - қарияларды сый-құрмет көрсетумен қатар, оларға ерекше көңіл бөлу.

Польша елінің төл мерекесін алға тартып, сіз де ата-әжеңізге тосын сый жасай аласыз. 

Суреттер ғаламтор беттерінен алынған.

Ғ. Ұзақ