Исландиядағы отағасы күні

Исландиядағы отағасы күні

Бұл күндері көне исландиялық қыстың ең ызғарлы айы Торри басталатын. Исландияның әр ауданында жұбайлардың қайсысы жаңа айды қарсы алып, оны қошеметтеу керек туралы әр түрлі дәстүрлер пайда болған. Алайда, көбінің ойынша бұл дәстүрді отағасы жүзеге асыру керек.


Ерте заманда дәстүр бойынша отағасы ерте тұрып, бір аяғымен секіре үйді айнала жүгіруі тиіс. Жүгірген кезде ән салып, Торри айын қарсы алады. Сол заманның діндарлары бұл дәстүрді жат деп санайтын.

Қазіргі таңда осы салтты бастан аяғына дейін орындайтын исланд азаматтары өте сирек кездеседі. Әйтсе де, ерлер күні өз мәртебесін жоғалтқан жоқ. Бұл күні әйел заты ер азаматтарына көп көңіл бөліп, оның қалауын орындап, сый-құрмет көрсетеді.


Қыс мезгілінің ортасында атап өтілетін бұл мереке күні дастархан басына отағасының ең сүйікті тағамы қойылады, шарабы құйылады. Көп жағдайда қой етінен жасалған тағамдар әзірленеді. Тіпті, нәзік жандар жолдастарының қалауы бойынша акула етінен пірілген тағамдарды да дайындайды.

Исландия елінің мерекесін алға тартып, сіз де бүгін өз жұбайыңызға ерекше көңіл бөле аласыз. Сүйікті тағамдарын дайындап беріп, онымен бірге спорт ақпараттарын талқылап, кешке театрға баруыңызға болады.

Суреттер ғаламтор беттерінен алынған.

Ғ. Ұзақ