Автостоппен саяхаттау

Автостоппен саяхаттау

Шетелге барып демалуға көбінің қалтасы көтермейтіні хақ. Бір адамның өзіне жол, қонақүй, ас-ауқат т.б шығындар жетерлік. Біреу болса, жалғыз саяхаттауға жүрексінеді. Ал бірақ та, шабаданын лезде жинап, жолға шығып, кетіп бара жатқан жол-жөнекей көлікті тоқтатып, автостоппен саяхаттауға бел буатындар да бар.

Автостоп – бір мекеннен басқа мекенге жолшыбай болып жету. Бұл өте қауіпті әрі қызықты саяхат. Жаңа таныстар табуға, жаңа әсерлер алуға болады. Сондай-ақ, автостоп көп қаржыны талап етпейді. Автостоппен таныс жергілікті қалалар мен шетелдік мекендерді аралауға болады. Алайда, саяхатқа шықпас бұрын, мына ережелерге назар аударған абзал.

Ишарат. Автостоптың әлем мойындаған өз белгісі бар. Төрт саусақты бүгіп, бас бармақты шығару керек. Көлік жүргізушілері бұл белгіні көргенде тоқтап, жолшыбай ала кетеді. Себебі, ұзақ жолда олардың іштері пысып, уақыт оздыру үшін жолда кездескен серікпен әңгіме-дүкен құрады.

Саяхат бағыты. Саяхат бағытын анықтаңыз. Карта, компас артық етпейді. Барар мекендеріңізді тізбектеп жазып алыңыз.

Барар мекен. Картон қағазға бара жатқан мекен атын жазып алған дұрыс. «Жаркент», «Астана», «Бурабай» т.с.с деп алыстан қарағанда анық болу үшін үлкен әріппен жазып алыңыз.

Сенім. Әдетте, жол қысқарту үшін серігін әңгіме тартатын көлік жүргізушілері оған бар мұңын айтады. Басынан кешкен күндерін, көрген-білгендерін айтады. Бір жағынан шер тарқатса, бір жағынан серігіне сенім артады.

Жүк. Құжаттар, дәрі-дәрмек, ақша қаражаттары, карта, медициналық сақтандыру, тіс пастасы мен щеткасы т.с.с қажетті заттар салынған жүгіңіздің мүмкіндігінше аз болған абзал. Сондай-ақ, құрғақ жемістер, шоколад, бәліш, жеміс-жидектер салып алған жөн.

Киім-кешек. Жолға жеңіл әрі ыңғайлы киім киген дұрыс. Өзіңізбен бірге қалың киімдерді алуды ұмытпаңыз.

Қауіпсіздік туралы ұмытпаңыз!

  • Автостоппен жалғыз саяхаттамаған абзал. Жаныңызға серік болар дос-құрбыңызды ерте кетіңіз.
  • Қасында өзге жолаушылары бар көлікке мінбеген жөн. Көлікке мінбес бұрын, жүргізушіге қараңыз. Күдіктенген жағдайда мінбеңіз.
  • Жүгіңізге ие болыңыз. Жеке заттарыңызды қараусыз қалдырмаңыз.
  • Әңгіме барысында өзіңіз жайлы бар ақпаратты ашып, айтпаған дұрыс. Жұмысыңыз жайлы сұраса, қызметіңіз жайлы жалпылама түрде айтыңыз. Отбасы мүшелері мен олардың қызметі, айлығы, жеке басы туралы сөз қозғамаған абзал.
  • Көлік жүргізушісінен әрдайым кетіп бара жатқан аймақтың атауын, барар жерге шамамен қанша уақыт қалғанын сұрап тұрыңыз.

Сапарыңыз сәтті болғай!

Дайындаған: Ғазиза Ұзақ

Суреттер: znayuvse.ru

Ғ. Ұзақ