Ойын түбіне жетті

Ойын түбіне жетті

The Australian агенттігінің хабарлауы бойынша өткен жескенбіде тайваньдық тұрғын қырық сағат бойы компьютер алдында отырып Diablo III ойынын ойнаған да, артынша көз жұмған. Бұл уақиға Тайваньның оңтүстік-батысында орын алған.

Кейінірек белгілі болғандай, жас тайваньдық тұрғын 13 шілде күнінен бастап жергілікті ойынханалардың бірінде еш демалыссыз екі тәулік бойы ойын ойнап отыра берген. 15 шілде күні таңертең сол ойынханадағы жұмысшылармен бірге үстел үстінде ұйықтап жатқан жерінде табылған. Оны оятқаннан соң тәлтіректеген ойынқұмар бір-екі метр жүрген де, құлап түскен.

Жергілікті ауруханаға жеткізілген соң сонда көз жұмған. Өлім себебі әлі нақты анықталмағанымен, кейбір БАҚ қызметкерлері екі тәулік бойы тапжылмастан бір орында отырып, үздіксіз ойын ойнағаннан жүрек-тамыр ауруы қозған деген болжам келтіреді. Болған жайттан хабардар болған Diablo III ойынын жүргізетін Blizzard компаниясы арнайы келіп, ойынқұмардың жақындарына көңіл айтқан.

Diablo III – 15 мамырда ғана сатылымға түсе бастаған танымал ойын. АҚШ-да бұл атышулы ойын ең танымал ойындардың көшін бастап тұр.

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Суреттер: samouchka.net, gamestore.by, nvworld.ru, gameland.ru

А. Әбілхан