Болливудтық актриса Джиоти Амге әлемнің «ең кішкентай әйелі» атанды

Болливудтық актриса Джиоти Амге әлемнің  «ең кішкентай әйелі»  атанды

18 жастағы үнді қызы Джиоти Амге өзінің қысқа бойының арқасында Гиннестің рекордтар кітабына енді. Ол отбасымен бірге Үндістанның өзі туылған Нагпур қаласында тұрады. Джиоти Амге әлемдегі «ең кішкентай әйел» атанғанына, сонымен қатар осы жасында атақты болғаны үшін өзін бақытты сезінеді. Оның бойы небәрі 62,8 сантиметр, салмағы 5,4 килограмм екен.

Өлшеу нәтижесінде Джиоти Амгенің бойы Гиннестің рекордтар кітабына бұрын енген 22 жасар американдық Бриджит Джорданнан 7 сантиметрге кіші екені анықталған. Сол себепті де «ең кішкентай әйел» атағы осы уақытқа дейін екі фильмге түсіп үлгерген актриса Джиоти Амгеге берілді.

Джиоти Амгенің әке-шешесі қыздары өзін жақсы сезіну үшін оның керекті заттары мен бөлмесіндегі жиһаздарын ыңғайлы етіп жасап берген. Ол оқушы кезінде мектепке өзінің құрдастарымен бірге барғанымен, өзіне арналып жасалған партада бөлек отыратын болған екен. Сондықтан да ол мектепте өзін бөтен сезінбеген, барлық балалармен тең дәрежеде қарым-қатынаста болыпты.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: mirfactov.com