Аустралиялық жігіт акуламен айқасты

Аустралиялық жігіт акуламен айқасты
Фото: http://mif-facts.com.ua

Аустралияның Потсвилл жағалауында Макс Маггеридж есімді жігіт ешқандай құралсыз, өзінің қолымен жолбарыс акуланы ұстап алды. Оның ұзындығы 4 метрді құрады.

Айта кетейік, аталған акула басқа акула түрлеріне қарағанда әлдеқайда қауіптірек. Сонымен қатар жолбарыс акулалар бүгінгі таңда өте сирек кездеседі.

Сұхбат беру барысында, 19 жасар жігіт адам өміріне қауіпті мұндай жыртқышты жуасыту оңай емес екендігін айтты. Оның қолдары мен терісі сыдырылып кеткен. Екеуінің арасындағы шайқас 3 сағатқа созылып, Макс жыртқышты жеңді. Алайда ол әлемдік рекорд жаңартудың орнына, оны босатып, теңізге қайта жіберіп қойды. Өзінің айтуы бойынша: «бұл жолы мен жалғыз өзім болсам да, онымен айқасудың амалын таптым. Ал оны не үшін жіберіп қойғанымды сұрасаңыз, менің түсінігімде тіршілік еткен әрбір жан-жануардың өмірі қандай рекордтан болса да қымбаттырақ».

"Әдетте акула аулауға достарыммен шығатын едім. Біз бес жігіт жиналып, бір-бірімізге көмектесіп жүретінбіз. Ондай кезде ешқандай қорқыныш, үрей дегенді сезінбейтін едік», - дейді. Ал осы жолы аустралиялық азамат суретке түсіру үшін жанына құрбысын ғана алып шыққан. Оның аңшы болмағандықтан, ешқандай көмегі тимеген. Бірақ, Макс: «бұл қаншалықты қиын болса да, өте қызықты. Сондықтан мен бұл сәтті ешқашан есімнен шығармаймын», - деп, бұқаралық ақпарат құралдарына пікірін білдірді.

Ж. Исакаев