Эверест Непалдағы жер сілкінісінен кейін үш сантиметрге жылжыды

Эверест Непалдағы жер сілкінісінен кейін үш сантиметрге жылжыды
Фото: vokrugsveta.ru

Әлемдегі ең биік шың, Эверест тауы, Непалдағы жойқын жер сілкінісінен кейін оңтүстік-батысқа қарай үш сантиметрге жылжыды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі The Guardian порталына сілтеме жасап. Еске сала кетейік, 25 сәуір мен 12 мамырдағы зілзаладан 7 мыңнан аса адам қаза тапқан болатын.

Айта кетейік, тау солтүстік-шығысқа қарай үнемі жылжып отырған, ол шамамен бір жылда төрт сантиметрге орын ауыстырады. Сонымен қатар, ол соңғы онжылдықта шамамен 3 сантиметрге биіктеді. Ең бірінші тіркелген жерасты дүмпулері кезінде, яғни сәуір айында тау бірден 3 сантиметрге жылжыған және кейін қарай. Бірақ 12 мамырда болған зілзала Эверестке әсер еткен жоқ.

Бұған дейін ғалымдар жер сілкінісі Эверестті аласартты деп мәлімдеген болатын. UNAVCO геофизикалық зерттеулердің коммерциялық емес консорциумының мәліметінше, жойқын зілзаладан кейін әлемнің ең биік шыңының биіктігі бір дюймге (2,5 сантиметрге) төмендеген. Ғалымдардың мұндай қорытындысы 29 сәуір күні Джомолунгманың үстінен ұшып өткен Sentinel-1A еуропалық спутнигінің деректеріне негізделді. Есесіне Гималайда орналасқан Аннапурна тау сілемі жер сілкінісінен кейін 20 сантиметрге биіктеген. "Ол ластикты басқанда көтерілген сияқты. Оны жіберсең қайта өз қалпына келеді", - деп салыстырды қоршаған ортаны қорғау саласындағы біріккен зерттеулер институтының қызметкері профессор Роджер Билхам (Roger Bilham).

Е. Жұмабайұлы