Чехияда 21 миллион долларлық картиналар ұрланды

Чехияда 21 миллион долларлық картиналар ұрланды

Чехияның Оломоуц қаласында 21 миллион долларға татитын Ренуар мен Пабло Пикассоның картиналары ұрланды.

Ұрылар жергілікті бизнесменнің үйіне маусым айының ортасында түскен. Аймақтық полицияның баспасөз хатшысы Йозеф Беднаржиктің айтуынша, белгісіз адамдар кәсіпкерді ұрып соғып, байлап тастап, үйдегі кейбір бағалы асыл тастар мен Пьер Огюст Ренуардың картинасы мен Пабло Пикассоның он суретін әкеткен. 

Аймақтық криминалдық полицияның басшысы Либор Шамшул қылмыстың жай жапсарын айтып берді. Оның айтуынша, екі жігіт ұрлық жасау ниетімен үйге басып кіріп, шаңырақ иесіне қоқан-лоққы көрсеткен. Ұрылар кеткесін ауыр жарақат алған кәсіпкер полиция қызметкерлеріне телефон шалуға қауқары жетіпті. Шамшулдың айтуынша, аталған іске қосымша мамандар тартылыпты. Олар ұрланған жәдігерлердің түпнұсқа екендігін тексермек. 

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: racom.eu