Жақсыдан үйрен

Жақсыдан үйрен

Жуырда жарияланған Бәрімізге жетіспейтіні – бір мейірім... деген тақырыптағы жазбамыз көпшіліктің көңілінен шығып, ал Арманы мен баласын қатар арқалаған әке атты әңгімеміз көптеген әкелердің ой сандығына мейірім шуағын шашыпты. Оны біз оқырман қауымның ой бөліскеніне және көрілім санына қарап байқадық. Бір сәтке қарбалас өмір ұмытылып, адамгершіліктің шыңы, мейірімділік туралы жақсы сөздер айтылды. Содан кейін, осы секілді бірқатар оқиғаларды тізіп шығуды жөн көрдік. 

Мейірімді кассир

Бұл оқиға Жаңа Зеландияда болған. Супермаркеттің кассасында бір қарт әжей алған заттарының ақшасын төлей алмаған. Себебі, терминал жүйесі оның төлем картасын қабылдамай қойыпты. Әжей бұл жағдайға қатты алаңдайды. Ал, әжейден кейін кезекте тұрған адамдар шыдамсыздық танытып, ызалана бастаған. Супермаркет кассирі Ребекка МакЛеан дереу өзінің картасын шығарып, қарт әжейдің алған заттарының ақшасын өз қалтасынан төлеп берген. Ребекка өзінің бұл ісін ешкімге айтпауға бел байлайды. Алайда, осы жағдайдың куәгері болған жергілікті баспасөз редакторы Ребекканың мейірімділігі туралы мақала жазады. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!» дейді ғой. Сіз ше? Осындай оқиғаға себепкер немесе куәгер болып көрдіңіз бе?

Қараусыз қалған жануарларға тамақ беретін құрылғы


Түркияның Pugedon компаниясы қоршаған ортаны қорғап әрі көшедегі қорғансыз иттерді тамақтандыратын әдіс ойлап тапты. Компания қызметкерлері қала көшелеріне автоматтар қондырған. Оның қызмет жасау барысы мынадай: егер, жолаушы өтіп бара жатып, пайдаланылған бос пластик бөтелкені автоматқа салса, ыдыс жануарларға арналған жемге толады. Пластик бөтелкелер жануарлардың азығына кеткен шығынды өтейді. Бұндай автоматтандырылған құрылғылар біздің елімізге де келе жатар деген ойдамыз. Ыстамбұл көшелерінде қорғансыз жүрген ит-мысықтар өте көп. Ал, бұл автомат тұрғындардың осы үйсіз жануарларды тамақтандыруы үшін таптырмайтын құрылғы. Бөтелке түбінде қалған сусынды құятын арнайы ыдысы да бар. «Мың рет естігенше, бір рет көрген жақсы» дейтін болсақ, мына видеодан ғажайып құрылғының қалай жұмыс істейтінін көре аласыздар.

Мейірімді болыңыз, мейірімді болайық!

Сурет: pro-monde.com

Е. Жұмабайұлы