Сеул метросына саяхат

Сеул метросына саяхат

Алғашында Сеул метросының картасына қарап, ішіне кіріп қалғаныңызда ештеңені де түсінбегеніңізді аңғарасыз. Корейше атаулардың ағылшын транскрипциясымен жазылғанын көргенде тіпті де шатасуыңыз мүмкін.

Бірақ бір рет сапарлап көрген соң қаладағы ең ыңғайлы әрі арзан транспорт түрі екеніне көз жеткізесіз. Әрі әрбір стансы өзіне сай түс таңдаған.

Сеул қаласының метрополитені корейше «수도권 전철» деп аталады, оның мағынасы «астаналық аудандардың метрополитені» дегенді білдіреді. Сеул метросы адамдарды тасымалдау қарқыны бойынша әлемде үшінші орын алады. 1974 жылы 15 тамызда ашылған. Қазірде метроның 18 линиясы және 429 стансасы бар. Бір қызығы бұл метрополитенді 3 компания басқарады: Korail (코레일(한국철도공사), ұлттық теміржол операторы), Seoul Metro (서울메트로) және Seoul Metropolitan Rapid Transit Corporation (서울특별시도시철도공사, 서울도시철도).

Құрылыс тарихына тоқталар болсақ, заманауи монорельсті метро 2010 жылы-ақ ашылып қоюы керек болған. Бірақ оны соғуды қолға алған кәсіпкерлердің коррупциямен айналысқандығы себепті Wolmi Galaxy Rail жаңа монорельсті метро  халық игілігіне жаратылмай отыр. Сеул метросы тек қаланың ішінде ғана емес, сыртқы да елді мекендерге барады. Мәселен күніне 2,177 млн адамды тасымалдайтын Korail линиясы мен қаладан бір сағаттық қашықтықта орналасқан аэропорттан тасымалдайтын Korail Airport Railroad линиясы бар. Ал жоғарыда айтылған монорельс Вольмидо мен Инчхон аралдарына жол тартуы керек еді.

Метромен жүру құны баратын жеріңіздің қашықтығына байланысты. Пойызға отыру үшін сіз арнайы әрбір стансада қойылған автоматтан ғана карта формасындағы билетті сатып алуыңыз керек. Оны кем дегенде 1000 вонға (вон – қазіргі курспен 178, 83 теңге), сосын депозит ретінде 500 вон: жалпы 1500 вонға сатып аласыз. 1000 вонға сіз 10 шақырымдық жерге дейін бара аласыз. Ал кейінгі әрбір 5 шақырым сайын 100 воннан қосып отырасыз. Ал балаларға бұл сома екі есе арзандатылған. Егде жастағы және мүгедек адамдар метромен тегін жүре алады.  

Барлық билет сататын автоматтар ұсақ тиыннан 10000 вондық номиналды купюра қабылдай береді. Ал кейбірі тіпті 50000 вонға дейін қабылдай алады. Автоматтың көпшілігіне сенсорлы дисплей қондырылған, ағылшын, қытай, жапон және міндетті корей тілінде қызмет көрсетеді. Жол жүру билеттерін сапар соңына дейін сақтап, метродан шығар кезде арнайы автоматқа өткізіп, 500 вон депозитіңізді қайтарып аласыз.

Вагондардың шеткі жақтарында бір-біріне қарама-қарсы үш орындықтан алты орындық егде жастағы кісілер мен мүгедек жандарға арналған. Бұл орындар бос тұрса да корей халқы оған отырмайтынын байқадық.

Метроның өзінің арнайы WI-FI жүйесі бар. Оны қолдана алмағанымыздың себебі арнайы сайтына тіркеліп, белгілі бір мөлшерде депозит құюымыз керек екен. Сондықтан қыдырып барғандарға метрода интернет желісі әзірге қарастырылмаған.

Автор: Ардақ Құлтай

Сурет: massaget.kz

А. Құлтай