Кенбоккун сарайы – Сеулдың басты жәдігері

Кенбоккун сарайы – Сеулдың басты жәдігері

Кенбоккун сарайы 1395 жылы салынған. Сарайды Чон До Джон есімді сәулетші салыпты. Оның «Шығыс сарайы» (Чхандоккун)  мен «Батыс сарайының» (Кёнхигун) солтүстігінде орналасқандығынан «Солтүстік сарай» атанып кеткен. Сеул қаласындағы бес сарайдың ішіндегі ең үлкені әрі ең әдемісі осы сарай.

Сарай 1592-1598 жылдардағы Имчжин соғысынан қирап, бүлінген. Кейіндеу (1852-1919) Ли династиясының билікте болған кезінде Хынсон генералдың басшылығымен қайта тұрғызылыпты.

Сарайдың ең бір әсем жері ретінде Чосон деп аталатын құрылысты айтуға болады. Бұл «Кенхвару» және «Хянвочжон», ескі замандағы Мысыр және Үндістан жұрты құрметтеген Лотос бағы бар саябақ.

Хонненмун қақпасынан кейін Ұлттық сарай музейі орналасқан. Ал келесіде Хянвончжонның ұлттың фольклор музейі ашылған. «Кенхвару» ғимараты Кореяның 10000 вондық банкнотасында бейнеленген.

Сарай алдында Чосон династиясы кезінде күзеткен батырлар әрбір 2 сағат сайын ауысып тұрады. Кезек беру шарасы салтанатты түрде өтеді.

Бұл сарайда корольдік отбасы тұрған екен. Кешеннің жалпы аумағы 410 шаршы метрге жетеді.

Дәл осы 1395 жылы сарай тұрғызылғанда ел астанасы Каеджёнг (Gaegyeong, қазіргі Gaeseong) Сеул қаласына ауысады. Сондықтан, бұл сарайды қала тарихымен біте қайнасып тұрған жәдігер деуге болады.

Корейлер бұл сарайдың тарихын былай өрбітеді:

Мухак деген монах өмір сүріпті. Ол басшының тапсырмасымен ел бойын кезіп, астана тұрғызылатын ең дұрыс жер іздейді. Өзіне ұнаған бір жерге келіп, сол аумақты зерттей бастайды. Ал сол аумақта жер аударып жүрген бір шал жүр екен.

Ол монахқа қарап тұрып:

- Ақылсыз Мухак деген сен бе едің? Іздейтін жерді тапқан екенсің!

Осыдан кейін Мухак шалдың мұнда тегін жүрмегенін байқап, ең жақсы жер қайда екенін сұрастырады. Сонда шал: «Енді 10 ли жүр, сосын табасың», – дейді.

Монах оның айтқанын тыңдап, ең жақсы деген жерді табады. Қазір сол жерде Сеулдың ең басты сарайы – Кенбоккун тұр. Ли Сонге басшы (король Тхэчжоның сол кездегі аты) таңдалған жерге 1394 жылы барады. Осы уақыттан бастап Сеул тарихы өз бастауын алады.

Күніне бұл сарайға 10 000-15 000 адам келіп қонақ болады екен. Оның ішінде 5 мың қонақ өзге елден келгендер. Бұл туралы Кенбоккун сарайының қызметкерлері айтып отыр. 

Арнайы Сеул қаласынан Ардақ Құлтай

Сурет: massaget.kz

А. Құлтай