Тибеттіктердің тілін шығарып амандасатынын білесіз бе?

Тибеттіктердің тілін шығарып амандасатынын білесіз бе?

"Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа" демекші, жер бетінде қанша халық болса, сонша дәстүр бар. Бүгін назарларыңызға ежелгі тайпалардың ерекше сәлемдесу түрлерін ұсынамыз.

1. Тибеттіктер көріскен кезде бір-біріне тілін шығарып амандасады. Көп елде мұны әдепсіздік деп санаса да, аталған елде құрмет көрсетудің бір нышаны. Дәстүр IX ғасырда елді қара тілі бар патша Ланг Дарма басқарып тұрған кезде пайда болған. Ланг патша өлген соң тұрғындары оның жаны барып біреуге қонуы мүмкін, тілімізде жамандық жоғын бірден көрсетейік деп тілін шығаратын болған. Дәстүр осы күнге дейін сақталып, оған қолды кеудеге қойып тұру қосылған.

2. Жаңа Зелендияға барсаңыз, «хонги» деп аталатын жаңа сәлемдесу түрімен танысасыз. Маори елінің көнеден келе жатқан дәстүріне сәйкес тайпа адамдары сәлемдесу үшін мұрындарын түйістіріп, бір-біріне үйкейтін болған. Бұл символикалық акті «ха» деп аталады. Аудармасында «өмірдің тынысы» деген мағынаны білдіреді.

3. Филиппиндіктерде сәлемдесу барысында жасы кіші үлкеннің қолын алып өзінің маңдайына тигізуі керек деген ереже бар. Мұнымен қатар, осы рәсімді жасап тұрып «мано по» деп айтады. «Мано» - қол, «по» - құрметтеу.

4. Эскимос тайпаларының сәлемдесу дәстүрі «куник» немесе «эскимос сүйісі» деп аталады. Әдетте отбасы мүшелері арасында кеңінен қолданылады. Яғни сәлем беруші адам өзінің мұрны мен ернін келесі бір адамның терісіне тигізіп, тыныс алады.

5. Кенияның жергілікті тұрғындарының сізді көре салысымен секіре бастайтындығына дайын болыңыз. Себебі масай тайпасы осылай амандасып үйренген. «Адаму» немесе «секіру биін» тайпа жауынгерлері орындайды. Әдетте белгілі бір оқиғадан басталып, бишілердің дөңгеленіп тұра қалуымен аяқталады. Артынша секіріп жарысады.

Ал сізге қалай сәлемдескен ұнайды?

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: rudaki.ru 

Қ. Бүйенбай