Үндістандағы көне «Өлім қорғанының» сыры

Үндістандағы көне «Өлім қорғанының» сыры

Үндістанның Тар құмдығының батыс бөлігінде бір қалашық бар, қалашықтың шығысында адамның үрейін ұшыратын «Өлім қорғаны» бой көтеріп тұрады, шындығында, жүздеген адам мен хайуанның жанын жалмаған бұл қорғанның ешқандай да ерекше жері жоқ еді. Төрт қабырғасы жалпақ кесек тастармен қаланған, төбесі үлкен бөренелермен бекітілген, еденіне ұзыншақ тастар реті тізілген, ал шығыс-батыс қабырғасында бірден-бір терезе ашылған. Көне қорғанға түнде кірген адам мен мал жанынан жұда болады, әрі өліктен ешқандай бөгде белгі табылмайды. Сөздің тоқ етері, бұл қорғанда бір түнеген жан-жануардың тірі шыққаны жоқ...

Бұл мәселе жөнінде үкіметтің қолынан келгені, тек қорған қақпасына: «Бұл араға адамның түнеуіне мүлде болмайды», деп жазып қою ғана болды. Бірақ бұл жағдайды көзімен көрген куәгер әлі тірі.

Жауласқан екі әулеттің жастары бір-біріне ғашық болып қалады. Бұл әрине барлық адамның жазғыруына ұшырамайды. Махаббатқа адал ғашықтар ақыры осы қорғанда жүздесуге уәделеседі. Қорған терезесінен сүттей жарық ай сәулесі саулап тұр. Жас жігіт қабырғаға сүйеніп ғашығын күтуде... Бірақ, жамандық ғашығынан бұрын келіп үлгереді. Бойжеткен қорған есігін аша салысымен, ай сәулесі астында, қорған ішінде болып жатқан жағдайды өз көзімен көреді. Ертесі адамдар жігіттің әлдеқашан суыған мәйітін көтеріп шыққанда, бойжеткеннің екі көзі шарасынан шыға шошынып, аузына не келсе, соны айтып, жынданып кеткенін көреді. Сонымен бірден-бір куәгерден, болған жағдайды ұғысудың мүмкіндігі болмайды...

Тағы бір оқиға Үндістан үкіметінің ішкі істер күштерін ұйымдастырып көне қорғанның сырын ашуға мәжбүрледі.

Бір тәкаппар әулеттен шыққан жас жігіт достарымен бірге саяхаттап жүріп, осы қалашыққа келіп қалады. Жоғары білімді жігіт өзінің қабілетіне сеніп, қорған туралы аңыздарға мүлде иланбайды. Қалашықтағы бірден-бір шарапхана қожайыны Сух ағай мен басқалардың насихатына құлақ аспаған өркеуде жастар сәйгүліктеріне қамшы басып қорғанға бір түнеп шықпақ болып аттанады.

Сух ағай жастардың кешкі асы үшін ақы алмайды. Ол бұрыннан қорғанға барып көрмек болған адамның тамақ ақысын алмастан: «Ертең келіп төлерсің...» дейтін. Десе де, бұл астың барлығы «ең соңғы қонағасы» болып қала береді, Сух ағай әліге дейін ертесі келіп тамақ ақысын төлеген адамды кезіктіріп көрген жоқ.

Ақсүйек жігіт қорғанға кірерден бұрын, әлгі ескертпе тақтайшаны жұлып алып, лақтырып жіберді. Жас жігіттің ескертпені жыртқаны жаналғышты қайдан тоса алсын, екінші күні келбетті жігіттің денесі қақшиған қалпы қорғанның ішінен табылады. Адамдар оның денесін, әлгі талай адамның мәйітін алып шыққан ағаш тақтайшамен көтеріп, қалашықтың көнетөз мәйіт үйіне кіргізеді. Сақшы ертіп кірген заң дәрігері де азаматтың денесін ине қарағандай мұқият тексеріп ештеңе таба алмайды. Полиция қызметкерлері қорғанның орнын үш құлаш тереңдікте қазса да, ештеңе іліктірмейді. Сол күні кешке құралайды көзден ататын мерген үш сақшы «Өлім қорғанына» түнеп, әлгі жаналғышпен бетпе-бет келуге бекиді. Әлгі тәкаппар әулет те ішкі істер органдарының жауап беруін талап етеді. Үшінші күні Үндістанның Тар аймағы өзінің жұмысына адал үш полициясынан айырылады. Олар қорғанның құпиясын ашқанның орнына, осында қаза болғандардың қатарында кете барды.

Полицейлердің өзі өлім құрығынан құтыла алмағанын көрген жергілікті халықтың күндері үрей ішінде өте бастайды. Үкімет «Бұл араға түнеуге болмайды» деген ескертпені қайта ілумен бірге, осы қорғандағы жаналғышты анықтап бергендерге он мың рупия үнді ақшасы көлемінде сыйлық берілетіндігі жайлы хабарландыру шығарды.

1932 жылы күзде Англияның әйгілі жиһангезі Джордж Уиллис өзінің шарлаушы қосынын бастап, ат арытып «Өлім қорғанына» келеді. Жиһангездер бұл араға жеткенде аттары болдырып, адамдары ашығады, сонымен ол Кембридж университетіндегі досына хат жазып, ақша қарыз бере тұруын сұрамақ болады.

Сух ағайдың шарапханасында Джордж әлгі үкімет жариялаған түмен рупиялық сыйлық жөніндегі хабарландыруды көзі шалды. Әрине, әйгілі жиһангез ең алғаш сырлы қорғанға кірген жігітше далбасалықпен жұмыс істеген жоқ. Ол ғылымға сенетін еді. Сондықтан да өзінің мол білімі мен ақыл-парасатына сүйеніп, талай  қиын-қыстаудан аман шыққан болатын.

Джорджтың жиһангез тобы қорғанға мұқият зерттеу жүргізіп, толық дайындық жасайды. Қылт еткенді естелікке алу үшін, олар қорғанның маңындағы 50 метр құмды аумақты тегістейді. Қиын жағдайда топтағылардың секіріп қашуына қолайлы болу үшін қорғанның терезесінің түбіндегі құмды да қопсытып қояды. Мылтықтарын мұқият сынап, қылт еткен кезде ақау шықпауының алдын алады. Әр адамды есік пен терезенің тұсына орналастырады, Джордж жаналғыш қалайда есіктен кіреді деп тұжырымдайды да, осы тұжырым бойынша атыс бұрыштарын есептеп қояды. Ең соңында қалашықтан бір ит ертіп алуды да ұмытпайды.

Бұрыннан келе жатқан салт бойынша, Сух ағай Джордж бен оның әріптестеріне ертесі келіп төлейтін кешкі ас әзірлейді. Сух ағай алыстан ат арытып осында келген мынау жат жерлік жиһангездердің арқасында осы рет көне қорғанның құпиясы ашылады деп сенеді. Сол күні қалашық іші шатқа шомып, адамдар «Өлім қорғаны» жөнінде қайтадан талқыға түсіп, түмен рупияның неге жарайтыны жайлы айтыса бастайды.

Жиһангез Кембридж университетіне жазған әлгі бір парша хатында осы «Өлім қорғанын» тілге тиек етіп, мұнан кейін Джордж Уиллистің аты Өлім қорғанның атын басатын болады деп жазады. Қалашықтағылар да түмен рупия осы шет елдік жиһангездің қалтасына түсетін болды деседі.

Кеш кірісімен қалашықтағылар «Өлім қорғанынан» алыстап, үйлеріне кіріп алып, қорған жақтан шығатын дыбысты тыңдаумен болады. Түн ортасында қорған жақтан қыңсылаған иттің дауысы естіледі. Сух ағайдың кішкентай қызы қорыққанынан қаны қашып, бетін басып жылай бастайды.

Күн ұясынан көтерілген кезде адамдар алаңдаушылық пен қорқыныш ішінде көне қорғанның есігін ашады. Жиһангез бен оның тобындағылар дуалға сүйенген беті кеше кешкі қалпын сақтап отыр. Джордж қолына тапаншасын қыса ұстаған... Мынау ғажайыпқа толы дүние өзінің тағы бір таңдаулы жиһангезі мен ысылған жиһангездік тобынан айырылып тынды.

Бірнеше айдан соң, Сух ағайдың шарапханасына қайыршы бейнесіндегі шал келді. Оның арықтап кеткені сонша, биологиялық тәжірибеханадағы кепкен үлгі сияқты еді. Арық шалдың бір арық аты, арық маймылы және темір сандығы бар еді. Адамдар оны мазақтап, темір сандығын теуіп ойнады. Темір сандықта бір тал аудан (тордан жасалған ау) басқа ештеңе жоқ болатын. Арық шал өзінің «Өлім қорғанының» сырын ашатын адам екенін айтады.

Адамдар оған менсінбеген бейнемен қарасады. Сух ағай оны тағы бір кешкі астың ақшасын төлей алмаған жан ретінде қабылдайды. Бұл кезде адамдар «Өлім қорғанына» тіке қараудың өзіне бата алмай қалған еді. Бірақ Сух ағай сонда да әлгі арық шалды тойдырып тамақтандырды.

Арық шал адам жалдап, темір сандықты көне қорғанның ішіне көтеріп кіргізбек болды. Оның ақысын да ертесі алған сыйлықтан беретінін айтты. Бірақ, кім осындай бір қарт адамды өлімге итермелегісі келсін? Амалсыз қалған шал арық атымен сандықты сүйретіп қорғанға кіргізіп алды. Мұны көрген басқалар мына шалды сыйлық ақшаны ойлап жынданған шығар десті.

Ертесі күн ұясынан көтерілгенде, бірнеше жігіт әлгі талай адамның мүрдесін көтерген ағаш тақтайын сүйреп, арық шалдың мүрдесін қорғаннан алып шықпаққа дайындалады.

Дәл осы сәтте арық шалдың сұлбасы қорғанның терезесінен қараңдайды. Жігттер қорыққандарынан сілейіп тұрып қалады. Әлгі қараңдаған сұлба оларға: «Ей, қорықпаңдар, бұл мен ғой!» дейді.

Қалашықтағылар талай заманнан бері мұндай ғажайыпты бастан кешірмеген еді. Терезеден қараңдаған дәл кешегі шалдың өзі екен! Ол терезеден құсқа ұқсайтын әлденелерді сыртқа қарай лақтырып жатыр. Құсқа ұқсайды деп отырғанымыз қызыл жарқанаттар екен.

Шындығында, қорғанның төбесіндегі ағаш бөренелерде түнде шығып қан соратын қызыл жарқанаттар бар екен. Олардың тұмсығы ұзын да жіңішке инеге ұқсайды. Қорғандағы адамдар мен хайуандардың қанын сорудан бұрын олар тұмсықтарын білдірместен олардың миына сұғып жіберіп, біртүрлі есеңгіреткіш сұйықтық бөліп шығарады екен. Бұрын осы арадағы қызыл жарқанаттар басқа жерлердегі жарқанаттар сияқты қан сорып тіршілік еткенімен, кейін келе өзгеріс пайда болып, арнайы адамның миын соратын болыпты.

Арық шал, қорғанның ішінде әлгі үлкен торды жайғаннан кейін, маймылды тордың астына байлап, өзі темір сандыққа кіріп жатып алады. Түн ортасында жарқанаттар әдеті бойынша, бөрене арасынан ұшып шығып, тор астында тұрған маймылға жапырлайды. Осы кезде сандықтың тесігінен сығалап жатқан арық шал жібін тартып қалып, жарқанаттарды түгелімен торға түсіреді.

Бұл қайыршы шал кім болғаны?

Бірнеше ай бұрын жантәсілім еткен жиһангездің қорғанға кірерден бұрын жазған бір парша хаты естеріңізде болар? Бұл арық шал жиһангездің Кембридж университетіндегі досы, арнайы осы қызыл жарқанаттарды 20 жылдан артық зерттеген әйгілі биология ғалымы еді. Қазірге дейінгі біз білетін қызыл жарқанаттардың атауы түгел осы адаммен қатысты.

Бұл шалдың аты Том Уилл болатын.

 

Қытайша «Жастар жазирасы» журналының 2012 жылғы 8 санынан

Авторы: Дұң Уи Жие

Қытай тілінен аударған: Оңалған Мүлікұлы

Дайындаған: Сұңқар Ақбоз

Сурет: ivsky.com

Оқи отырыңыз: 

Ғаламның ашылмаған сырлары

Әлемдегі елеулі археологиялық ашылулар

Жер шарындағы тылсым «түпсіз тұңғиықтар»

Шри-Ланка – Үнді мұхитының жауһары

M. Auelkhan