50 жыл бұрын болашақтан не күтілді?

50 жыл бұрын болашақтан не күтілді?

Уақыт зымырап өтіп жатыр. Ғылым мен технология сағат сайын емес, сәт сайын қарыштап дамып келеді. Әлі де дами түспек. Бүгін сіздерге осыдан 50 жыл бұрын болашақты болжаған ойлармен бөліспекпіз. Сонымен 2014 жылдан не күтілді екен?

1964 жылы америкалық атақты биохимик, жаңалық ашушы және әдебиетте фантастикалық жанрда шеберлігімен танылған Айзек Азимовтың болашақ туралы айтқан ойлары бүгінгінің дәл көрінісін беретіндей. Ендеше салыстырып көріңіздер.

Электроника адамдарды жалқаулыққа жетелейді. Ас үйдегі барлық тағам автоматты түрде дайындалып, аспазшылардың жұмысы жеңілдейді. Жылдам дайындалатын құнарсыз тағамдар көбейеді.

 

Адамдар бір-бірімен дауыс арқылы ғана емес, бір-бірінің қасында отырғандай сезімде сөйлесе алады. Ол тек қарым-қатынас мақсатында ғана емес, ғылыми  мақсатта да пайдаланылады. Адамдар әлемнің түкпір-түкпіріндегі ақпараттарды жылдам білетін болады. Әуедегі ғарыш кемелері арқылы Антарктидадан да хабар таратылатын мүмкіндік туады.

 

Үй қабырғалары мен төбе бөлігі электрлік жарықшамдар арқасында алуан түрлі түске бөленіп, құлпыратын болады. Ал оны жасау үшін бір ғана арнайы басқыш қызметіне жүгінеді.

 

Роботтар ең жоғарғы даму кезеңіне жетпейді. Сонда да белсенді түрде пайдаланыла бастайды.

2014 жылы адамдар бір-бірімен сымсыз байланыс арқылы хабарласа алады. Ал байланыс құралдары ұзақ уақытқа шыдайтын батарейлер арқылы қызмет жасайды.

Автокөлік жолдары дамыған аймақтарда кептелістер пайда болады. Адамдар жүк тасымалын әуе арқылы діттеген жеріне жеткізеді. Тек ұшақ қана емес, жерасты жолдарындағы транспорт та бұл қызметті атқара алады.

Робот басқаруымен жүретін автокөліктер пайда бола бастайды. Олар адамдарды айтқан жеріне апарып тастайтын болады.

Адамдар бір-біріне экрандар арқылы суреттерін жібере алады.


Жер бетіндегі адамдар саны 6,5 миллиардтан асады. Адамзат баласы демографияға бас қатыра бастайды. Бұл туралы әлемде басты сұрақтар да туындайды.

Қарапайым шаруа қожалықтары арнайы фермаларға айналады. Жеміс-жидектер мен көкөністер будандастырылып, арнайы химикаттар арқылы өсіріле бастайды.

Адамзат баласы әртүрлі қысымдарға тап болады. Жүйкелері сыр беріп, түрлі стресстерге шалдығады. Медицинадағы психиатрия басты салаға айналып шығады.

Расында да осыдан 50 жыл бұрын бүгінге деген түрлі болжамдар айтылды. Көптеген ғалымдар мен жазушылар болашақты түрліше болжады. Солардың ішіндегі Айзек Азимов болжамы – бүгінгінің нақты бір көрінісін беріп отыр.

Ал сіз 50 жылдан кейін әлем қандай өзгеріске ұшырайтыны жайлы ойланып көрдіңіз бе?

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: mixstuff.ru, facte.ru, factroom.ru

Ө. Сансызбай