Тек қана сұйықпен қоректенетін әйел

Тек қана сұйықпен қоректенетін әйел

Үндістандық Манджу Дхарра қазір 25 жаста. Ол туылғаннан бері бірде-бір түйір қатты тағам жеп көрмеген. Әйел тек қана сұйық тағамдармен қоректенеді. Оның рационында сүт, шәй, айран және су ғана бар.

Манджу Үндістан астанасы Жаңа-Делиге жақын маңдағы Сонипат деп аталатын шағын қалашықта туылған, қазір де сол аймақта тұрады. Ол кішкентай кезінде өте сирек кездесетін ахалазия деп аталатын ауруға душар болған. Әйелдің бұлшық ет талшықтары босаңси алмайды. Манджудың асқазанына қатты тағам мүлде өтпейді. Жеп көруге талпынғанның өзінде ауырсыну басталып, құсатын болады.

Манджудың анасы қызының тамақ жеп көруге талпынған сайын қатты ауыратынын айтады. Қазір ол қатты азық-түліктерді көрсе қорқады екен. Таңғаларлық жағдай, осындай кедергілерге қарамастан Манджудың бойы басқа үндіс әйелдеріне қарағанда әлдеқайда ұзын. Өте арық, әлсіз болып көрінбейді, үй шаруасындағы барлық жұмыстарды атқара береді, әрине, қатты ауырсынулар қайталанып тұрады.

Анасы Бхагвати Дхарра қызын дүниеге әкелген алғашқы екі жылда не болып жатқандығын мүлде түсінбеген. Ол баланы күріш, нан сынды қатты тағамдармен қоректендіруге тырысады. Бұл әрекет қайталанған сайын баланың ауырып, көп жылайтынын байқайды. Әйел мұның бәрі тағамға деген талғампаздықтан деп ойлайды, кейіннен дәрігерге көрсетуге бел буады.

Бірнеше тексерістерден кейін Манджуға диагноз қойылады. Түрлі емдеу шаралары қызға ешқандай оң өзгерістер әкелмеген. Дәрігерлер ең дұрыс шешім ота жасату дегенді айтып отыр. Алайда, Манджудың отбасының қалтасы мұндай отаны көтермейді.

25 жастағы қыз ата-анасы, екі ағасы және бес әпкесімен бірге тұрады, олардың ешбірі де ахалазия дертімен ауырмайды. Ата-анасы ем-дом рәсімдерін төлей алмаса да, қызының өмірін ұзарту үшін арнайы сиыр сатып алып берген екен. Манджу соның арқасында күніне 5 литр сүт ішетін көрінеді.

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: byaki.net