Ең ыстық... Ең суық...

Ең ыстық... Ең суық...

Біріміз суықты ұнатпасақ, екіншіміз ыстықты ұнатпаймыз. Бір ғажайып орын алып, төмендегі мекендерге түссеңіз, қайтпексіз? Барға қанағат етіп үйренейік...

Ғаламшарымыздағы ең ыстық және ең суық жерлердің тізімін ұсынып көрмекпіз.

Әлемдегі ең суық бестік:

Шығыс бекеті, Антарктида

Теңіз деңгейінен 3500 метр биіктікте, оңтүстік геомагниттік полюсте орналасқан. Зерттеу бекеті орыстарға тиесілі. Мұнда қашанда жан түршіктірер суық болып тұрады. 1983 жылдың 21 шілдесінде осында ғаламшарымыздағы ең төмен температура тіркелді (-89,2°C). Бекет Шығыс (4 шақырым мұз астында) деп аталатын әлемдегі ең үлкен көлдің аймағында жатыр.

Эврика, Канада


Эврика – Канададағы Эллесмер аралына жақын маңда орналасқан зерттеу бекеті. Эвриканы да әлемнің ең суық жеріне жатқызады. Ол 1947 жылы метеорологиялық бекет ретінде салынған екен. Жыл бойындағы орташа температура – -20°C. Қыста көбіне 40°C көрсетеді. Соған қарамастан қызығушылығы мол туристер осында келуден бас тартқан емес. Эврикаға жету үшін ұшаққа 20 000$ жұмсайсыз.

Оймякон, Ресей


Оймякон Якутия республикасында, Солтүстік жарты шардың оңтүстігінде 350 шақырым жерде жатыр. 1926 жылы осы жерде температураның рекордтық төмен көрсеткіші (-71,2°С) тіркелген болатын. Осы оқиғаға байланысты ауылдардың бірінде мемориалдық тақта қойылған.

Денали, АҚШ


Денали немесе Мак-Кинли тауы Солтүстік Американың ең биік шыңы саналады. Ертеден-ақ "Жер бетіндегі ең суық тау" деген лауазым алған. Қыста ауа температурасы -40°C болады. Таудың биіктігі – 6194 метр.

Ұлан-Батыр, Моңғолия


Ұлан-Батыр моңғол даласында, теңіз деңгейінен 1300 метр биіктікте жатыр. Оған "Әлемдегі ең суық астана" деген ат берілген. Қаңтар айында ауа температурасы -16°C түспейді.

Әлемдегі ең ыстық бестік:

Әл-Азизия, Ливия


Трипольдің оңтүстігінен 40 шақырымды бағындырсаңыз, әл-Азизияға жеттім дей беріңіз. 1922 жылдың 13 қыркүйегінде дәл осы жерде ең жоғарғы температура байқалған (57,8 ° C). Бір қызығы – әл-Азизия Жерорта теңізінен бір сағаттық жерде орналасқан екен.

Даллол, Эфиопия


Даллол Африканың аймағында, теңіз деңгейінен 116 метр төменде жатыр. Даллолдағы орташа температура – 34,4°C екен. Бұл жанартаулық аймақ болғандықтан, тұзға көміліп жатыр және ешбір тірі ағза жоқ.

Дашти-Лут, Ливия


2004-2005 жылдары осы шөлде адамзат тарихындағы ең жоғарғы температура (70°C) тіркелді. Дашти-Лут әлемдегі ең құрғақ жер саналатын Атакама (Чили) шөлімен бәсекелесе алады. Өзіңіз біліп отырған боларсыз, мұнда бірде-бір тірі ағза, тіпті, бактериялар да жоқ. Алайда, Дашти-Лутқа жолыңыз түссе, 500 метрге жететін кереметтей құм төбелерді тамашалай аласыз.

Өлім Алқабы, АҚШ


Өлім Алқабы атанып кеткен Калифорния шөлі жоғарғы температура тұрғысынан екінші орында тұр. Осы күнге дейін тіркелген ең жоғарғы температура –  56,7°C. Жаз айларындағы орташа температура – +47°С. Осындай ыстықта саяхаттаймын деген туристердің табылуы екі талай. Өлім алқабы теңіз деңгейінен 86 метр төмен орналасқан.

Бангкок, Таиланд


Бангок – әлемдегі ең ыстық қала саналады. Жылдың орташа температурасы – +28°C. Ең ыстық деген ай ретінде наурыз, сәуір, мамырды атауға болады.

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: вк желісінен