Жер де айқайлайды...

Жер де айқайлайды...

2009 жылы Аляскадағы Алеут үстіртінде жанартау атқылай бастады. Күлден, күкірт диоксидінен, су буынан пайда болған бұлт 20 шақырым биіктікке дейін көтеріледі. Жалпы, Редут деп аталатын бұл жанартау жиі атқылап тұрады. Мәселен, 1999-2000 жылдары тау алты ай бойы атқылап, лава тасқындары 35 шақырым радиуста аққан екен.

Мұны неге айтып отырмыз? Сейсмолог ғалымдар дәл осы 2009 жылы әдеттен тыс жағдайға тап болады. Жанартау атқыламас бұрын қатты айқайлаған екен.

Мұндай жағдай алғаш рет Редут жанартауында байқалды. Сол уақыттан бері ғалымдар басқа жанартауларға да назар аудара бастайды. Расымен де, жанартаулар айқайлайды екен. Бірақ, Редуттың дауысы бәрінен де қатты шығып отыр. Негізінде, атқылау орын алмас бұрын, аймақта жер сілкіну секілді белгілер орын алатын. Бірақ, мына жағдайда жер астынан ысқырған, шуылдаған гүрілдер естіледі.

Зерттеушілер жел сілкінісі аяқталғаннан кейін, дайындалған кестені мұқият бақылайды да, бірінен кейін бірі орын алған ұсақ жер сілкіністерінің сериясын анықтайды. Дүмпулер секундына 30 реттен қайталанған. Салыстырмалы түрде айта кетейік, 1980 жылы Сент-Хеленсте атқылаған жанартауда секундына 5 дүмпу байқалады, ал бұл АҚШ-тың тарихындағы ең қауіпті атқылау болатын.

Жанартау атқылауға санаулы секунд қалғанда Жер үн-түнсіз қалады. Өлі тыныштық. Сейсмологтар бұл кезде қысым максимальді дәрежеге жетіп, магма бостандыққа шыға алды деп айтып отыр. Онан кейін ешқандай айқай естілмеген. Жанартау әдеттегідей атқылай бастады, екі апта бойы Аляскада отты жаңбыр жауып тұрды.

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: byaki.net