Әлемдегі ең лас өзен

Әлемдегі ең лас өзен

Цитарум (Citarum) өзені Индонезиядағы Ява аралында орналасқан. Бұл бір кездері асықпай ағатын және балықшылар балық аулайтын, теңіз құстары жемтігін табатын қарапайым өзендердің бірі болатын. Жергілікті тұрғындар тұрмыстық қажеттіліктері үшін суды да Цитарумнан алатын еді. Сондай-ақ, күріш алқаптарын суару үшін жасалған каналдар осы өзеннен бастау алатын болған екен.

Бүгінде мұның бірі де жоқ... Цитарум экологиялық апаттың алдында тұр. Тоғыз миллионға жуық адамның күнделікті тұрмысынан шыққан қоқыстар мен жүздеген зауыттардың қалдықтарына тұншығып жатыр.

Қоқыстан пайда болған кілемнің беріктігі мен біркелілігі соншалықты өзен бар екендігін де байқай алмайсыз. Оны тек өзен бетінде жүзіп бара жатқан қайықтан ғана аңғаруға болады.

Қайық жолаушылары баяғыдай балық та ауламайтын болған. Қазір басқа күн көріс әдісі пайда болды – олар пластикалық бөтелкелерді, жарамсыз ас үй қасықтарын, пышақтарды, резеңке қолғаптарды жинап, арнайы орындарға өткізеді немесе жаңа бұйымдар жасап шығарады. Өкінштісі – осы ластықтан денсаулықтарына қауіп төндіріп жатыр.

Бірнеше уақыт бұрын француз инженерлері Цитарум өзеніне алып СЭС-ын тұрғызған екен. Эксперттердің айтуынша, қоқыстардың мөлшері осылай жалғаса беретін болса, СЭС генераторы істен шығып қалады. Нәтижесінде айналаның бәрі күңгірттеніп, зауыттар да жұмысын тоқтататын көрінеді.

Өзен жиырма жыл бұрын ғана құлашын кеңге жайып, еркін ағып жатқан, ал бүгін өлім аузында... Сүйікті өзеніңіз Цитарумның кебін кимесін десеңіз, табиғатты аялауды үйреніңіз!

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет:rumbur.ru