Леонардо да Винчидің музыкалық аспабы жасалып шықты (Видео)

Леонардо да Винчидің музыкалық аспабы жасалып шықты (Видео)

Леонардо да Винчи өз дәуіріндегі ұлы өнер иесі. Ол «әмбебеп адам» ретінде тарих қойнауында қала білді. Леонардо суретші, сәулетші, мүсінші, жазушы, өнертапқыш секілді алуан өнерді бір басына жинаған талантты жан. Осы кезге дейін италияндық суретшінің өнертапқыштық қыры елеусіз қалып келген болатын. Кеше ғана көпшілікті елең еткізер жаңалық жария болды.

Леонардо да Винчи сызбасының үлгісімен жасалған Viola Organista атты ерекше музыкалық аспапты поляк пианисті жасап шықты. Сызба 1488 жылы суретшінің қойын кітапшасына жазылған көрінеді. Алайда аспапты өзі жасап үлгере алмаған. Бұл аспапты ең бірінші 1575 жылы неміс өнертапқышы Ханс Хайден жасап шығуға ұмтылыс танытқан. 1993 жылы Акио Обучи есімді жапон кейбір құрылғыларын жинастыра бастаған еді. Енді міне, 2013 жылы поляк музыканты, конструктор Славомир Зубрзуски толық құрастырып шығып отыр. Viola Organista аспабы әзірге жалғыз дана. Көшірмелері жасалып сатылымға шығу шықпауы алдағы уақыттың еншісінде.

Аспапта музыкалық клавишалы ескі құрал клавесин, виолончельдің кейбір мүшелері, айналмалы барабан, тиісті клавиштар мен ішектер орналасқан. Әр түрлі аспаптардың жиынтық әуені сізді ерекше күйге бөлейді. 

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: 24gadget.ru

Ш. Талап