Ұзын мойынды әйелдер елі

Ұзын мойынды әйелдер елі

Тайландтың солтүстігінде көптеген этникалық топтар бар. Бұл аймақтарға бара алмайтын адамдар үшін Паттайя алдында арнайы ауыл ашылған. Ауыл Long Neck Karen Village деп аталады, себебі өлкенің негізгі тұрғындары – ұзын мойынды әйелдер. Мұнда кіру үшін әрбір адам 250 бат ақша төлейді.

Жалпы Карен этникалық тобы 4 топшадан тұрады. Соның бірі –  Long Neck Karen. Олар көбіне тай-бирмандық шекарада тұрады. Әскери қақтығыстардың әсерінен Карен тайпалары бытырап кеткен. Тай королі осы тайпаның тағдырына араласып, тілі мен дәстүрінің сақталып қалуына жағдай жасаған.

Ал бүгінде Паттайяны мекендейтін әйелдер тобы туристерге арналған ойын-сауық үшін қызмет етеді.

Нәзік жандылар қауымының адамды баурап алатын ерекшеліктері көп. Біріншіден, олардың киімдері ешбір жерде қайталанбайды. Әйелдердің барлығы да бір-бірінен өткен тоқымашылар. Өз киімдерін қолдан тоқиды. Сонымен қатар қолдан жасалған естелік сөмкелерін, жылы орамалдарын, сулықтар мен сүлгілерін турисерге сату арқылы ақша табады. 

Бір қызығы – киімдерге қарап әйелдердің лауазымын анықтауға болады: моншақтармен безендірілген ақ жейде киетіндері – тұрмыс құрмағандар, көк-қызыл киімділер – отбасын құрып қойғандар екен.

Әрине, оларды ұялы телефонмен көру көзге оғаш көрінеді, дегенмен, олар да заманауи өмір сүреді және өркениетпен ілесіп келеді. Солай бола тұрғанымен, аса талғампаз емес, мырыш едендерде ұйықтай береді. Күріш пен көкөністерді қорек етеді. Туристерден түсетін қаржыға күнелтеді. Бәрін айт та, бірін айт, олардың ұзын мойындары таңдай қақтырып, бас шайқатады.


Мойынды ұзарту дәстүрінің қашан және қайдан пайда болғандығын ешкім білмейді. Бір деректер бұл ауылға түн ортасында жолбарыстар кіріп кететін болған дейді. Ұйықтап жатқан қыздың мойнын жолбарыс тістеп алмасын деген ниетпен мойындарын темір дөңгелектермен қаптап қойған. Осы жерде "Жолбарыстар неге ұл балаларға тиіспеген?" деген заңды сұрақ туындайды.

Бұл әйелдер сұлулықтың жолында өздерін құрбан еткен деген болжамға қалай қарайсыз? Мойын ұзын болған сайын оның иесі сұлулардың сұлуы бола түседі. 

Осындайда "еркек – бас, әйел – мойын" деген аталы сөз еріксіз еске түседі.

Басқа бір болжамдарда темір дөңгелектер қыз баласын теріс күштерден қорғайды, білезіктер көп болған сайын қауіпсіз  болады деген бар. Қалай болғанымен, қыздар төрт жастан бастап мойындарына дөңгелек білезіктерін салып, нәтижесінде бес келі темірді көтеріп жүруге мәжбүр болады. Отыз жасқа дейін  6-7 келіге де жетіп қалады.

Сондықтан да ұзын мойынды әйелдердің  ауылына жолыңыз түссе, міндетті түрде естелікке суретке түсіңіз!

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: vk.com