Күздің көркем көріністері

Күздің көркем көріністері

Қазір күз мезгілі. Көшеге шықсаң сұрғылт тірлік көз алдыңа көлденең тұра қалады. Жапырағын жел кемірген теректер де жалаңаштана бастады. Жүрек түкпіріне әлде бір мұң тастап, көңілсіздікке жетелейтіндей. Жол бойын жауып қалған жапырақтардан аяқ алып жүре алмайсың. Адам ғұмырының өлшеулі екені, бәріміздің де бір күні мына жапырақтардай үзіліп кетерімізді ойлаймыз.

Қамшының сабындай қысқа ғұмыр күрмеуге келмесе де, адам баласы жақсылықтан күдер үзбейді. Көңіл айнамыз қоңыр күзден де әлде бір жұбаныш іздеп, елегізе түседі. Біз бәрібір осы мезгілді ұнатамыз. Адам болмысы терең де тылсым ойларға, жан толқытар сезімге, сағыныш мұңы бойды балқытар тәтті мұңға бейім. Енді аз күннен соң Қазанға да қош айтамыз. Күздің дәл осы сәтін сағына еске аларымыз хақ. Ендеше күздің осы бір тамаша көріністеріне көз тігіп, жан рахатын бір сезініп көрейікші...

Дайындаған: Шерхан Талапұлы

Сурет: byaki.net

Ш. Талап