Жапонияда сакура гүлдей бастады

Жапонияда сакура гүлдей бастады

Бұл күндері Жапонияда сакура гүлдей бастады. Бұл кезеңді жапон халқы «Ханами» деп атайды. Ханами – шие ағашының гүлдену уақыты. Бұл кезеңді ерекше атап өту дәстүрі XII ғасырда Танг әулетінің патша сарайында бастау алған болатын.

Бұл уақыт аралығында жапон халқы жұмыс істемейді, жастар мен мектеп оқушылары сабаққа бармайды. Барлығы сакураның гүлдегенін бақылайды. Шие ағашының саясында демалып, табиғат құбылысына тамсанады. Сакураның гүлденгені көктем мезгілінің келгені деген сенім бар.

Сакураның гүлдеу кезеңі бір аптаға созылады. Ең бірінші болып Жапонияның оңтүстігінде отырғызылған ағаштар гүлдейді. Сондықтан да алғашқы кезеңді назардан тыс қалдырған жандар солтүстік аймаққа барып, шие ағашының қауыз жарғанын бақылай алады.

Ханами кезеңінде саябақтарда аяқ алып жүру мүмкін болмайды. Кейбір жандар ағаш түбінде тәулік бойы тұрақтанып қалуы мүмкін. Сакура астында сэке ішіп отырғанда, шараға гүл жапырағы түссе, келер жыл молшылыққа, табысқа, сәттіліктерге толы болады деп болжаған.

Сакура гүлдеген кезде жапондықтар ұлттық киімдер киіп, бұл кезеңді ән айтып, билеп, ұлттық ойындар жүргізіп өткізеді. Ұлттық тағамнан ауыз тиіп,  бір-бірін осы кезеңмен құттықтап, игі тілектер айтады.

Өткен жылы Жапон жерінде болған қайғылы жағдайдан кейін, ханами кезеңі атап өтілмеді. Қайғы жамылған жапон халқы өткен жылғы сакура гүлдену кезеңін назардан тыс қалдырған соң, биыл олар ханамиге үлкен дайындық жасады. Метереолог мамандардың айтуы бойынша, 8 сәуірден бастау алған Ханами 15 сәуірге дейін жалғасады.

Суреттер: yaturistka.ru, bigpictiure.ru

Ғ. Ұзақ