Қазақстандықтар бақытты ма?

Қазақстандықтар бақытты ма?

Массагеттік оқырмандардың назарына әлемдегі ең бақытты мемлекеттердің рейтингісін ұсынамыз. 

АҚШ-тағы Колумбия университеттің жанынан құрылған "Жер Институты" әлемдегі ең бақытты елдерді анықтауға тырысып, "Бақыт туралы баяндама" деген атпен зерттеу жүргізіпті. Бұл туралы ИТАР-ТАСС агенттігі хабарлап отыр. 

Істі мойнына алған Джон Хеллиуэлл, Ричард Лэйард және Джеффри Сакс өз сөздерінде, бақытты жалпы ішкі өнім көрсеткіштерімен ғана өлшеу дұрыс еместігін айтып өтті. "Халықтың денсаулығы, мемлекеттегі тұрақтылық секілді факторларды да есепке алу керек. Мысалы, АҚШ 1960 жылдардан кейін ерекше қарқынмен дамып, ішкі өнімдердің көрсеткіші біршама өссе де, халық өзін бақыттырақ сезіне қойған жоқ", - деген пікір айтты.

Сонымен не керек, 150 мемлекеттен құралған рейтингінің көшін солтүстік Еуропа елдері бастап отыр. Алғашқы орында Дания, кейінгі сатыларда Норвегия, Финляндия, Нидерланды және Швейцария орын теуіпті. Ғалымдар оларға 10 балдық жүйе бойынша, 7,6 коэффициентті лайық деп таныпты. АҚШ-тың өзі он бірінші, Ұлыбритания 18-орынға табан тіреген.

Қазақстан болса, 59-орында Ресей (76), Литва(60), Эстония(72), Беларусь(62) секілді мемлекеттердің алдын орып тұр екен. Зерттеу нәтижесі бойынша, біздің елдегі әрбір бесінші адамның (22%) қиналып өмір кешіп жүргендігі белгілі болса, жартысынан көбінің (57%) басында күрделі проблемалар бар екендігі анықталыпты. Ең "бақытсыз" мемлекеттердің қатарында субсахаралық мемлекеттер тұр. Атап айтсақ, Бенин, Орталық Африка Республикасы, Серра-Леоне секілді елдер. Олар 10 балдық шкаланың 3,4-ын ғана иеленген. 

Осы тұста біз сіздің пікіріңізді білгіміз келеді. Бақытты өлшеудің шкаласы қандай болуы керек? Жалпы халық өзін бақытты сезінуі үшін не керек? Зерттеу нәтижесімен келісесіз бе?

сурет: motto.net.ua