Әйнекті жағалауға асығыңыз!

Әйнекті жағалауға асығыңыз!

Әйнекті жағалау (Glass Beach) АҚШ-тың Калифорния штатындағы Мак-Керричер саябағында орналасқан. Өз атауын кілемдей төселіп жатқан әйнек тастардың арқасында иемденген жағалау қаланың ең негізгі мақтаныштарының бірі саналады.


Алғашқыда жергілікті тұрғындар бұл аймақты қоқыс тастайтын жер санап, тұрмыс қалдықтарын, ескі тұрмыс техникаларын, ескі автокөліктері, әйнектерді тастаған. 1967 жылы билік органдары жағажайды жауып, бірнеше рет тазалық жұмыстарын жүргізеді. Жиналмаған майда әйнек сынықтарын толқын шайып, бірте-бірте жағажайды әдейі себілгендей көрінетін түрлі-түсті әйнектер басып қалады.

Бірнеше онжылдықта Табиғат-Ана қоқыс аймағын өзі реттеп тастады. Бір кездегі жан түршіктірер қоқыстан із де қалмады. Теңіз суы жағажайдағы әрбір түйір әйнекті жуып, айнадай жарқыратып қойды. Дәл қазір жағажайдағы әйнектер біздің көзіміз үйреніп кеткен малта тастарға ұқсап кеткен. Көздің жауын алардай болып шашылып жатыр.

2002 жылы Мак-Керричер саябағы әйнекті жағалауды ашық деп жариялады. Енді туристер кез келген уақытта әйнек әлеміне ене алады. Жағалауды алыстан іздеп келетіндердің қатары өте көп. Шеберлер теп-тегіс әйнектерден әртүрлі бұйымдар жасап, қонақтарға сатуға кірісіп кеткен. Туристер Әйнекті жағалаудан естелік болсын деген ниетпен әйнекті малта тастарды алып кетіп жатады. Оған ресми түрде тыйым салынғанымен, "ұрлық" әлі күнге дейін тоқтаған жоқ.

Әртүрлі деректерге сенсек, әйнек 500-ден 1000 жылға дейін сақталады. Сонда, шамамен мың жылдан кейін таңғажайып Әйнекті жағалау қарапайым құмды жағалауға айналып шыға келеді.

Әзірге бұл табиғат пен адам бірлесе жасаған жер бетіндегі ең көрікті, қайталанбас орындардың бірі болып отыр. Әйнекті жағалауға асығыңыз!


 

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: mirkrasiv.ru