Жасыл жағалау

Жасыл жағалау

Осыдан біршама уақыт бұрын Әлемтану оқырмандарын Биг Айленд атты гавайлық аралда орналасқан қара жағалаумен таныстырған болатынбыз. Бүгін де сондай ерекше жағалау туралы әңгімелейтін боламыз, бірақ, оның түсі - жасыл.

Папаколеа жағалауы - Махана шығанағына таяу маңдағы бір топ гавайлық аралдардың бірінен орын тепкен. Дәл осындай жасыл түсімен әлемнің екі ғана жағалауы мақтана алады. АҚШ жеріндегі Гуама жағалауы да "жасылқұмды" болып келеді.

Папаколеа жағалауына жету оңай шаруа емес. Мұнда тап болу үшін қажетті рұқсат қағазының өзіне кем дегенде 4 сағат уақыт керек. Рұқсатнама ақылы, бірақ айтарлықтай қымбат емес.

Жағажайдың үш жағы да жартастармен қоршалып жатыр, тек бір беті ғана мұхитқа шығады. Құмның жасыл болу себебі - оның құрамында хризолит атты жартылай асыл тастың болуында (кейде оны оливин деп атайды) және ол жанартаулық құммен араласып кеткен.

Алыстан көз жүгірткенде мұндағы құм жап-жасыл болып көрінгенімен, өзіңіз аяқ басып, құмын қолыңызға алсаңыз, жасылдың көз алдыңызда сарғыш-алтын түске айналғанын байқайсыз.

Ғалымдардың айтуынша, 100 немесе 150 жылдан кейін мұхит суы жаратылысы тым ерек құмның бәрін шайып кетуі мүмкін. Оның алғашқы белгілері қазірдің өзінде байқалады. Табиғат тамашасының мәңгі емес екендігін ескеріп, ол жерге аттануға асығыңыз демекпіз!

Түсіне қарап судан қорқудың қажеті жоқ. Сіз бұл жерде алаңсыз демалып, құм үстінде асыр салып жүгіріп, шомыла аласыз. Зергерлік саласында кең қолданысқа ие хризолит - оттан туған өте бағалы тас. Яғни ол лавамен тығыз байланысты. Ол тастардың басып көру екінің біріне беріле бермейтін болар...

Жағажайдың айналасында құмнан бір шымшым болсын алып кетуге болмайтындығы бірнеше рет жазып ілінген екен. Бұл дегенің Табиғат ана туған таңғажайып дүниені өзіңіз барып көруден басқа шараңыз жоқ деген сөз! Ал егер оған мүмкіндік болмай жатса, біз ұсынған суреттерді тамашалауға кеңес береміз!

Суреттер:webmandry.com

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева