Видео: Канадалық маралдар ажалдан қалды

Видео: Канадалық маралдар ажалдан қалды

Канададағы Жаңа Шотландия провинциясында жас марал мен баласы мұз боп қатып қалған көлдің ортасында қалып қойды.

Қиындықта қалған маралдарды жақын маңда өмір сүретін биолог Ян Во байқап қалып, жергілікті табиғи ресурстар департаментіне хабар берген.

Жануарлардың бұл халі құтқарушыларға белгілі болғаннан кейін оқиға орнына арнайы мамандар аттанды.

Дегенмен олар көлге келіп, ситуацияны бағамдағаннан кейін маралдарды құтқарудың оңай болмайтындығы белгілі болды. Себеп - мұздың тым жұқа болуы. Бұндай жағдайда құтқарушылардың өздері суға кетіп қалуы мүмкін еді.

Ақыры не керек, маралдарды құтқаруға арнайы тікұшақ жіберілді. Тікұшақ жануарларға жақындаған кезде олар кәдімгідей үркіп, шошып кетті. Маралдың баласы қорыққанынан атып тұрып, қаша жөнелді. Ал оның анасы сол күйі орнынан тұра алмай қалды. Бар қызық осыдан кейін болды. Түкұшақ маралға жақындаған сәтте жануар мұздың бойымен жағаға қарай сырғанай жөнелді. Жағада оны құтқарушылар күтіп алып, медициналық көмек көрсетті. Айта кетелік, маралдар ешқандай ауыр жарақат алмаған.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: friends.kz

Massaget