Марстан белгісіз жануардың қаңқасы табылды

Марстан белгісіз жануардың қаңқасы табылды

Curiosity марсоходының түсірген суреттерінің ішінен қызыл ғаламшар бетінде жатқан жануар қаңқасының суретіне ұқсас дене көрінген. Бұл туралы tengrinews.kz ақпараттық порталы хабарлады.

Көптеген интернет-қолданушылар мұны белгісіз жануардың қаңқасы деп, Areazone51ufos.blogspot.com сайтына салған екен. Бұл сайт аспандағы белгісіз обьектілер (НЛО) мен паранормалды құбылыстарды зерттеумен айналысады. Сонымен қатар, қолданушылар марсоход түсірген видеоны да жариялапты.

Қызыл ғаламшар бетіндегі белгісіз жануардың омыртқа сүйегіне ұқсас қаңқасы тек интернет қолданушыларының ғана емес, сонымен қатар мамандардың да назарын аударып отыр. Тіпті кейбір ғалымдар мұны растап отырған да сыңайлы. Ал тағы бір топ оның ғаламшар бетіндегі желден пайда болған иллюзиясы деген ойға бекіген.

НАСА аппаратының Марсты зерттеп жатқанына жарты жылдан астам уақыт өтіпті. Оның әрбір түсірген суреттері адамзат атаулының түсінігімен де астаса бермейтін көрінеді. Ғалымдар көптеген суретке тек болжам айтып қана тоқталуда.

Еске сала кетсек, Curiosity аппараты бұған дейін гүлге, полиэтиленге, тас маймылға, жұмбақ пирамидаға және аяқ киімге ұқсайтын обьектілерді тапқан болатын.

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: tengrinews.kz

А. Құлтай