Аспанға апаратын баспалдақ

Аспанға апаратын баспалдақ

Осыдан 2000 жыл бұрын Лусон аралындағы Банауэ аумағын мекендеген Ифугао тайпасы филиппиндік Кордильер тауларының бөктерін толықтай алып жататын баспалдақты таңғажайып күріш егістігін қолдан жасайды.

Табиғатқа ерекше сұлулық қосып тұрған егістік-терраса 22 шақырымға дейін созылып, он мың шаршы метр жерді алып жатыр. Ал оның биіктігі - 1,5 мың метрден асады.

Қарапайым құралдардың көмегімен (бірнеше деректерде жалаңаш қолмен делінеді) тау жыныстарына ойылып орналастырылған жылғалар ежелгі ирригациялық жүйемен суарылады. Суландырушы жүйенің әлі күнге дейін жұмыс істеп тұрғандығы таңқаларлық жағдай!

Террасаның көрінісі көздің жауын алады: тау баспалдағы көкке қарай бағыт алса, өсіп тұрған жасыл, қызыл қоңыр түсті күріштер оны безендіріп, сәнін келтіріп тұр.

Ел аузында "Аспанға апаратын баспалдақ" аталып кеткен әлемнің сегізінші кереметін тұрғызған тайпаға жатпланеталықтар көмектескен деген алып-қашпа әңгімелер көп айтылады. Бұл сөз рас па, өтірік пе, кім білсін? Қалай болғанда да, мына "сұмдықты" адамдар қолымен жасады дегенге сену өте қиын...

Бұл өңір - Филиппин тұрғындарының қонақтарға мақтанып көрсетер көрікті жері ғана емес, негізі табыс көзі бола алады. Өздерінің ата-бабаларының негізгі кәсібін тастамаған жергілікті тұрғындар күріш егумен әлі күнге дейін айналысады екен.

Екінші жағынан - көне мекенді көруге ниет білдіретін мың-мыңдаған турист қалалық қазынаға едәуір кіріс әкелетін көрінеді.

Жергілікті тұрғындардың кез келгені туристер үшін жолнұсқаушы бола алады. Олар қонақтарға жол көрсетіп, ғаламат құбылысты жасаған ежелгі тайпалар туралы әдемі аңыздарды шертуден шаршаған емес.

Банауэнің күріш даласы 1995 жылы ЮНЕСКО-ның мәдени мұраларының тізіміне енді.

Суреттер:liveinternet.ru,tursovetnik,fotozemli.ru

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева