Саяхаттағанда ескерер маңызды 10 жайт

Саяхаттағанда ескерер маңызды 10 жайт
Фото: Руслан Меделбек

Саяхат  әдемі эмоция мен естеліктерді көп сыйласа, соншалықты күш пен энергияны талап етеді. Оған дайындықтың өзіне кейде біраз уақыт кетеді. Журналист, Прага қаласының тұрғыны, саяхатшы Руслан Меделбек саяхаттағанда ескеру керек 10 жайтты өз инстаграм парақшасында бөліскен еді. Автор мынадай кеңестер береді:

1.Ең алдымен елдегі саяси ахуалға мән беріңіз. Барар еліңізде соғыс, митинг, әскери қақтығыс болып жатқан жоқ па, соны ескеуді ұмытпаңыз.

2.Елдің экономикалық жағдайына да мән беріңіз: қонақүй, кафе, тамақ, транспорт бағасын білген жөн.⠀

3.Климаты мен ауа-райына көңіл бөліңіз. Ау температурасы салқын не ыстық, ылғал не құрғақ болуы мүмкін.

4.Жыртқыш аңдар, улы жәндіктер мен шөптерді де зерттеңіз. Барар еліңізде вирус тарататын жәндік болса, алдын-ала вакцина алған жөн. Руслан Бразилияға барар алдында зика вирусынан екпе салдырғанын атап өткен болатын.

5.Елдің діні, салт-дәстүрі. Мәселен, араб елдерінде қысқа не тым ашық киім киген ыңғайсыз. Әр елдің кедендегі шартын, елге кірерде әуежайда толтыратын форма бар ма, жоқ па біліп алыңыз.

6.Барар елдегі Қазақстан елшілігінің нөмерін, мекенжайын жазып алыңыз. Құжат жоғалса, бірден полиция мен елшілікке хабарласу керек. Елшілік елге қайтатын 15 күндік уақытша қағаз жасап береді.

7. Ұшаққа отырмас бұрын барлық құжаттың көшірмесін жасап, поштаңызға сканер нұсқасын жіберіп қойыңыз. ⠀

8.Сақтандыру жасатыңыз. Сақтандыру керек болмаса да, жасатқан жөн. Себебі алда-жалда бірдеңе болса, сақтандыру арқылы артық шығыннан құтыласыз.⠀

9. Барар жеріңізді, кіммен бара жатқаныңызды, қашан келетініңізді бәрін туыстарыңызға, достарыңызға жасырмай айтыңыз. Баратын елдегі қонақ үй телефонын, мекенжайын беріп кетіңіз. Әр жерден жақындарыңызға әлеуметтік желілер арқылы хабар беріп отырыңыз.

10. Жолда кезіккен адамға өзіңіз жайлы көп ақпарат айтпаңыз. Жеке таксиге отырмаңыз. Таныс емес адамдарға көп жоламаңыз. Күдікті адамдарға “суретке түсіріп жіберіңізші” деп телефоныңызды я фотоаппаратыңызды бермеңіз. Руслан саяхат барысында таймермен өзін суретке түсіретінін айтқан еді.

Т. Есқали