Емізулі баламен ұшаққа отыру: Ата-аналар кеңесі

Емізулі баламен ұшаққа отыру: Ата-аналар кеңесі
Фото: www.tourdom.ru

Саяхаттауды өмір салтына айналдырған адам болмаса, жылына бір-екі рет ұшатын ересектің өзіне ұзақ авиасапарға шығу оңай бола бермейді. Оған дайындық, ұшып-қону мен жол айтырлықтай шаршатады. Ал қолында емізулі баласы бар ата-аналар үшін бұл екі есе қиын болары анық.  

Егер сіз баламен сапарға аттануды жоспарлаған болсаңыз, бұл мақала өте пайдалы болады. Себебі мұнда өзіңіз секілді ата-аналар кеңесі жинақталған.

Гүлзат Сақташ, Марғұланның анасы:

Біз осыдан бір ай бұрын Шымкент қаласына Марғұланның ата-әжесіне барарда ұшаққа билет алған болатынбыз. Бала енді ғана жасқа толғандықтан, нөлден екі жасқа дейінгі балаларға арналған тарифпен ұшты. Яғни оған арнайы орын бөлінбеді. Жол бойы қолымда отырды. Естігенде қиын секілді көрінгенмен, бұл өте ыңғайлы. Себебі кішкене бала үшін кез келген жаңа нәрсе күйзелтуі мүмкін. Ал ұшудың жөні тіптен бөлек. Бір жасар баланың қасында, ересектерде де фобия болады. Ал анасының құшағындағы бала оны жеңіл өткереді. Әуеге көтеріліп, қонған кезде баланың сүйікті мультфильмімен алаңдатуға тырысып көріңіз. Оның да көмегі зор.

Жұлдыз Башар, Шах-Мұхаммедтің анасы:

Біз ұшар алдында дәрігерден консультация алдық. Ол баланың ішіп жүрген дәрілеріне қоса, мұрынға арналған тамшылар жазып берді. Міндетті түрде сусын алып жүруімізді ескертті. Екі жасқа дейінгі балаларға орын бөлінбесе де, оған қажет заттар салынған кішкене сөмке алуға рұқсат етіледі. Салмағы он келіден аспаса болғаны. Күту залында бала көтеремін деп қолыңыз талып, ұшаққа отырмай жатып, шаршамас үшін, баланың бесік арбасын алуға да болатынын ескергеніңіз жөн. Оны дәл бортқа кірер алдында жүкке тапсыруға болады. Десе де, авиакомпанияңыздан анық-қанығын білуді ұмытпаңыз.

Мадина Атажан, Маликаның анасы:

Егер балаңыз менің балам секілді өте белсенді болса және сіз ол бүкіл ұшақты басына көтеріп, жолаушылардың мазасын алады деп қауіптенсеңіз, мына кеңеске құлақ асыңыз. Баланы ұшаққа отырғанға дейін ұйықтатпауға тырысыңыз. Керісінше, ойнатып, көңілін аулаңыз. Күту залын шарлап, жаңа нәрселерді көрсетіңіз. Сіз бортқа кіргенде ойыннан шаршаған бала бірден ұйқыға кетеді де, қалай ұшқанын сезбей де қалады.

Өз тәжірибемнен тағы бір кеңесті бөліскенді жөн көрдім. Ауыстыратын киімді тек балаға ғана емес, өзіңізге де алуды ұмытпаңыз. Екі жеңіл жейде сіздің сөмкеңізді ауырлатпайтынына кепілдік беремін.


Жарты ғасыр бұрын емізулі балалар осылай ұшқан
www.kometa.red

Сырым Өнер, Азаттың әкесі:

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дүниеге келгеніне екі күн болған баланы бортқа мінгізуге рұқсат бермейді. Егер шарананың денсаулығында еш ақау болмаса, ресми түрде нәрестелер туғанына жеті күн өткен соң ғана ұшақпен ұша алады. Бірақ кейбір авиакомпаниялардың өз ережелері бар екенін ескергеніңіз жөн. Сондықтан билет алмас бұрын алдын-ала авиакомпанияның байланыс орталығына қоңырау шалып, көкейдегі сұрақтардың жауабын нақтылауға кеңес береміз. Ұшар алдында дәрігерден рұқсатқағаз алу қажет болуы да мүмкін. Себебі кейде әуежайда осыны сұрап жатады, сондықтан өзіңізбен бірге алып жүруді ұмытпаңыз.

Анасының жай-күйін бала жақсы сезеді. Сол себепті ер адамдар жұбайын қолдап, оның гармонияда болуын қадағалап, қобалжуын басып, сәбиіңіздің алғашқы сапары жақсы өтуіне бар күшіңізді салғаныңыз абзал.

Әуежайлар мен ұшақтар, жаңа елдер мен мәдениеттерді кішкене кезінен бойына сіңірген бала жолды жеңіл көтеріп, сапарға құлшынып тұрады.

Сапарыңыз оң болсын!

А. Оралқызы