Әлем туризмінің коронавирустан зардап шегетін шығыны есептелді

Әлем туризмінің коронавирустан зардап шегетін шығыны есептелді
Фото: tasarrufhareketi.com

Әлем туризміне 2020 жылы коронавирус пандемиясы келтіретін шығын 320 миллиард доллар болуы мүмкін. Бұл туралы БҰҰ Дүниежүзілік туристік ұйымы (UNWTO) хабарлады.

Ұйымның мәліметінше, 2020 жылдың мамыр айындағы саяхатшылар саны 2019 жылдың дәл осы айымен салыстырғанда 98% -ға азайған. 2020 жылдың алғашқы 5 айында бұл көрсеткіш 56 пайызға дейін төмендеді, бұл дүниежүзілік туризмді 320 миллиард доллар шығынға батырды.

Бұл 2009 жылғы экономикалық дағдарыс кезінде келтірілген залалдан 3 есе көп.

"Соңғы мәліметтер туризмді қалпына келтірудің маңыздылығын айқын көрсетеді. Халықаралық туризмнің күрт төмендеуі миллиондаған адамдарды нәпақасынан айырып, олардың өміріне қауіп төндіреді", - дейді Дүниежүзілік туристік ұйымның бас хатшысы Зураб Пололикашвили.

Қазіргі уақытта халықаралық туризмнің біртіндеп қалпына келу белгілері байқалуда. Ал туризм индустриясы толық 2021 жылдың екінші жартысында ғана қалпына келеді деп болжанған.

UNWTO сарапшылары халықаралық туризмнің қалпына келуіне кері әсер ететін бірқатар факторларды атады. Бұл факторларға көп елдердегі сапарлардың шектеулері, шекаралардың жабылуы, сапарларда коронавирустың таралу мүмкіндігі, пандемияның екінші толқыны және шекаралардың қайта жабылуы жатады. Коронавирус туралы сенімді ақпараттың болмауы және жалпы экономикалық жағдайдың нашарлауына алаңдаушылық туризмге кедергі келтіреді.

Т. Раушанұлы