Екі ғалым Арктикадағы 1800 шақырым жолды жаяу жүріп өтті

Екі ғалым Арктикадағы 1800 шақырым жолды жаяу жүріп өтті
Фото: bbc.com

Норвегиялық Борге Усланд пен ОАР тумасы Майк Хорнның Солтүстік полюске жасаған экспедициясы сәтті аяқталды. Бұл туралы ВВС хабарлады.

Қыркүйек айында басталған экспидиция жаһандық жылыну мәселелеріне байланысты жүзеге асырылды. Ғалымдар 1800 шақырымды мұз үстінде жүріп өткен, басты мақсат Арктикадағы мұздардың еруі туралы ақпарат жинау. 

Экспедицияны күзде, яғни, қарашаның ортасында аяқтау жоспарланған, алайда жолдағы қиындықтар мен ауа райы және мұздардың жылжымалы болуына байланысты екі ғалым саяхатты кеш аяқтады.

Жұма күні олардың жейтін тамағы бітуі керек еді, оларға норвегиялық зерттеушілер Бенгт Ротмо мен Александр Гамме көмекке келді. Барлығы бірге "Ланс" зерттеу кемесіне дейін жетті.

Сапар ұйымдастырушысы Ларс Эббесен спутниктік байланыс арқылы екі топпен де хабарласып отырды. Ол жұма күні Би-би-сиге Хорн мен Усландтың тікұшақпен эвакуациядан бас тартқанын, бірақ норвегиялықтармен кездесуге келіскенін мәлімдеді. Олардың азық-түлігі бітіп жатқан, ал жел күннен күнге күшейе түскен. Дауыл салдарынан байланыс үзілсе, олар аш қалып қоюшы еді.

Усланд пен Хорн 23 қыркүйекте мұз үстіндегі сапарын бастады. Оларға -40°C-тан +2°C-қа дейінгі аралықтағы ауа температурасының бірден өзгеруі кедергі келтірген. Зерттеушілер бұған жаһандық жылыну себеп деп тұжырымдайды

Жылжымалы мұздар саяхатшыларды артқа қарай алып кетіп, сапарды ұзартып жіберген. Кей жерлерде мұз қабаты әдеттегіден жұқа болған. Хорн бір рет суға құлап кетіп, қолы мен мұрнын үсіріп алған. Хорнның айтуынша, екі зерттеуші де қатты жүдеп, саяхат кезінде шаршаған.

Усланд - 57, Хорн – 53 жаста. Зерттеушілер Солтүстік Полюске қыста механикалық көліксіз барған алғашқы адамдар ретінде тарихқа енері сөзсіз. 

Т. Раушанұлы