Елінен қашқан президенттер

Елінен қашқан президенттер
Фото: google.com

10 қарашада Боливия басшысы Эво Моралес президенттік қызметінен бас тартып, отставкаға кететінін хабарлады. 12 қарашада экс-президенттің Боливияны тастап, Мексикаға қашып барғанын әлемдік БАҚ жарыса жазды. Өткенге көз жүгіртсек, өз елінен қашқан президенттер аз емес. Әлем елдерін басқарған президенттерді қаншалықты жақсы білеміз? Назарларыңызға тағдырлас көшбасшылардың бір парасын ұсынамыз.

Фульхенсио Батиста (Куба) – 01.01.1959

Батиста 1940-1959 жылдар аралығында Куба президенті болды. Ол билік жүргізген кезеңде елде оппозиция мүшелері аяусыз қырылды. Батиста командасына қарсы шыққандар жасақталған кісі өлтірушілер қолынан қаза тапты. Кубаның халқы да президентті жақсы көре қоймады. Авторитарлы стильде билік жүргізген президент халыққа да тіс батырып, аяусыздық танытты. Фидель Кастро, Эрнесто Че Гевара атты көтерілісшілер президентке қарсы шығып, астанаға басып кіргенде Батиста Доминикан Республикасына қашып кетті. Көп ұзамай бас сауғалап Португалияға кетуге мәжбүр болды.

Мохаммед Реза Пехлевим (Иран) – 11.02.1979

Пехлеви – Иранның соңғы шахы. 1979 жылы болған Ислам революциясынан кейін ол ел шекарасын тастап, Каирге қашуға мәжбүр болды. Дегенмен көп ұзамай ол осы қалада жан тапсырды.

Бокасса Жан-Бедель (Орталық Африка Республикасы) – 20.09.1979

Оғаш әрекеттерімен, жауыздығымен тарихта қалған басшының бірі – Орталық Африка Республикасының президенті Бокасса Жан-Бедель. Африканың ең кедей мемлекеттерінің бірін басқарған ол 2000 бриллиант таспен әшекейленген алтын тақта отырған екен. Ол 1966-1976 жылдар аралығында Орталық Африка Республикасын басқарды. 1976 жылы Республиканы империяға айналдырып, өзі император атанды. Алайда бұл империя тек 3 жыл өмір сүрді. Халық наразылығын тудырған Бокасса өзіне қарсы топтардың қысымының әсерінен Францияға қашып кетті.

Фердинанд Маркос (Филиппин) – 07.02.1986

Жеке басқа табыну және бұра тарту әрекеттері Маркостың билік құрған кезеңінде жиі көрініс берді. Басшы 1972 жылы саяси қарсыластарын түгелдей түрмеге қамады. 1986 жылы өткен кезекті президент сайлауында ол әділетсіз жолмен жеңіске жетті. Осы кезеңде мемлекеттің халқы көтеріліс жасап, президенттің биліктен кетуін талап етті. Соның салдарынан Маркос Гавайға, одан кейін АҚШ-қа қашты. Ол 1988 жылы дүниеден өтті.

Жан-Клод Дювалье (Гаити) – 07.02.1986

1986 жылдың басында Гаити халқы билікке қарсы көтеріліс ұйымдастырып, президент Дювальені қызметінен кетуге мәжбүрледі. Тіпті наразы топтардың көбеюінен қорыққан президент елден қашып шығып Франциядан пана тапқан.

Альберто Фухимори (Перу) – 13.11.2000

Жаңа дәуірдің қатігез диктаторларының бірі – Альберто Фухимори. Ол 1990-2000 жылдар аралығында Перуде билік жүргізді. 2000 жылы мемлекетте президент сайлауы өтті. Осы сайлауға кандидаттығын ұсынған Фухиморидің бұрынғы қызметтегі шикіліктері әшкере болды. Соның салдарынан ол Жапонияға қашып кетті, алайда 2006 жылы еліне қайта оралып, осы жылы сотталды.

Асқар Ақаев (Қырғызстан) – 05.04.2005

Асқар Ақаев 1990 жылдың қазан айында Қырғызстан Жоғарғы Кеңесінің кезектен тыс 2-сессиясында Қырғыз Республикасының Президенті болып сайланды. 2005 жылғы 24 наурызда Қырғызстанда орын алған "Қызғалдақ төңкерісі" нәтижесінде Асқар Ақаев елден кетті.

Құрманбек Бәкиев (Қырғызстан) – 15.04.2010

2005 жылдың 25 наурызы мен 2010 жылдың 15 сәуірі аралығында Қырғызстанды басқарды. 2010 жылы 7 сәуірде басталған қанды оқиғалардан кейін дәл Асқар Ақаев сияқты орнынан кетуге мәжбүр болды. Бішкектен қашып кеткен Бәкиев туған жері Жалалабат облысының Тейіт (Масадан) ауылына келіп, билігін сақтау үшін Қырғызстанның оңтүстігінде елдің қолдауын іздеді. Осы жылдың 15 сәуірінде Бәкиевті қолдайтын күштер Ош қаласында митинг ұйымдастырды. Алайда, жақтаушы мен қарсылас топтардың қақтығысынан кейін, митинг тарап, мақсатына жете алмаған Бәкиев Қырғыз елінен кетуге мәжбүр болды. Тараз қаласында биліктен бас тартатын қағазға қол қойып, ары қарай Беларусь астанасы Минск қаласына ұшып кетіп, сол жақтан пана тапты.

Зин эль-Абидин Бен Али (Тунис) – 17.12.2010

Бен Али Тунис мемлекетін 1987-2011 жылдар аралығында басқарды. Президент билігінің тұсында жұмыссыздық деңгейі жоғарылап, жемқорлық өршіген. 2010 жылдың 17 желтоқсанында Мохаммед Буазизи есімді саудагер елдегі жемқорлыққа күйініп, жария түрде өзін өртеп жібереді. Осы оқиғадан кейін халық дүрлігіп, мемлекеттің халқы көтеріліс ұйымдастырды. Соның салдарынан Бен-али Сауд Арабиясына бас сауғалап қашты. Ел арасында оның 1,5 тонна алтын құймасын ұрлап әкеткені айтылады.

Виктор Янукович (Украина) – 22.02.2014

Виктор Янукович – Украинаның төртінші президенті (2010-2014). 2014 жылы Киевтегі тәуелсіздік алаңында қанды оқиға орын алып, нәтижесінде 100-ден астам адам қаза тапты. Осы жағдайдан кейін президент наразы топтардан жасырынып, өзінің жақтастарымен Ресейге кетті.

Эво Моралес (Боливия) – 12.11.2019

Моралес - Боливияның 80-президенті. Билік басына 2006 жылдың 22 қаңтарында келген. Осы жылдың 20 қазанында өткен кезекті президент сайлауында өз кандидатурасын ұсынған Моралес басқа кандидаттардан басым дауыс жинап жеңіске жеткен. Алайда оның қарсыласы Карлос Меса сайлаудың әділ өтпегінін айтып, сайлау нәтижесімен келіспейтінін хабарлады. Осы жағдайдан кейін Боливия Қарулы күштері елде тұрақтылық орнату үшін Моралестен президенттік қызметтен кетуін талап еттті. 10 қарашада Эво Моралес өзінің отставкаға кететінін хабарлады. Ал 12 қарашада экс-президент жеке ұшағымен Боливиядан Мексикаға қашып шыққан. Қазіргі уақытта Моралес - Мехиконың қорғауында.

А. Қажиев