Бөшке ішіндегі 122 күн: 72 жастағы француз Атлант мұхитын қалай кесіп өтті?

Бөшке ішіндегі 122 күн: 72 жастағы француз Атлант мұхитын қалай кесіп өтті?
Фото: novate.ru

Ұлы орыс ақыны Александр Сергеевич Пушкин “Сұлтан туралы ертегі” шығармасында “Аспанды бұлт кезеді, теңізде бөшке жүзеді …” ("Туча по небу идет, бочка по морю плывет…") деген еді. 

Мұндай ерекше жолмен суда саяхаттау тек орыс әдебиетінде ғана болатын оқиға емес екен. Пушкин немесе оның замандастары екі ғасырдан кейін бір батыл француз 4 ай ішінде бөшкемен Атлант мұхитын кесіп өтеді деп ойламағаны айдан анық.

Атлант мұхитының мұндай қиын сапарға бейімделмеген жерінен кесіп өту әрекеті бұрын болғанын айта кету керек. 

Сонымен, 1952 жылы француз дәрігері, биолог және саяхатшы Ален Бомбар кәдімгі үрленетін қайықта мұхитты кесіп өткен. Ол мұндай батыл қадамды жүзеге асыру кезінде өзімен бірге азық-түлік те алмаған. Тек мұхиттан аулаған балықтарды жеп отырған. Кейін ол: "Өз еркімен кемеден тыс" атты кітап жазды. Бұл кітап саяхаттауға үлкен мотивация беретін шығарма болған. 

Бомбар шығармасынан шабыт алған Аленнің жерлесі Жан-Жак Савен Атлант мұхитын бөшкемен кесіп өтуге бел байлаған. Ержүрек француздың өмірі шытырман оқиғаларға бұрыннан толы болған: жас кезінде болашақ саяхатшы әскери десантшы ретінде қызмет етті, зейнетке шыққаннан кейін Африкада ұшқыш болған, содан кейін  табиғи қорықта жұмыс істеген. Бүгінде Жан-Жак 72 жаста, бірақ кәрілік батыл идеяны жүзеге асыруға кедергі келтірмеген.

Саяхат 2018 жылғы 26 желтоқсанда басталған. Сапардың бастапқы нүктесі – Канададағы Херро аралы болған. Савеннің кемесі – ұзындығы 3 метр, ені 2,10 метр цилиндрлік апельсин түстес контейнер. Бір таңқаларлығы бөшкеде қозғалтқыш пен желкен жоқ. Бастысы Жан-Жак қозғалу үшін  су ағысы мен жел бағытын қолдануға шешім қабылдаған. Толқындар және жел бағытымен бөшке өте баяу қозғалған.

Кеме Францияның оңтүстік-батысындағы Жиронда бөлімінің кеме қоймаларының бірінде жасалған. Құрылысқа қалың фанер қолданылған. Көлемі 6 текше метр бөшкенің ішінде кереует, ас үй, теңіз карталары және навигациялық жабдықты көруге арналған шағын үстел бар. Савен "балықтармен бірге саяхаттау үшін" кеме кабинасын иллюминатормен жабдықтауды өтінген.

Қызықты факт: Саяхат кезінде Жан-Жак Савен 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түні Жаңа жылды атап өту үшін Sauternes шарабы мен фуа-гра деликатесін өзімен бірге ала шыққан екен.

Атлант мұхитын Жан-Жак Савеннің кесіп өтуі ғылыми маңызға ие: ол саяхат кезінде теңіз ағындарын зерттеп, Мұхиттану және Теңіз метеорологиясы бойынша бірлескен техникалық комиссияның (JCOMM) радиомаяктарын мұхитқа жіберген. Сонымен қатар, ол өзінің сезімдерін де зерттеумен айналысқан. Ол жалғыз адамның төзімі қаншаға жететінін көрсетететін психологиялық сынақтан өткен.

Кейбір қиындықтарға қарамастан, 4 айға созылған үлкен қауіпті сапар сәтті аяқталған. 2019 жылдың 27 сәуірінде Жан-Жактың бөшкесі Кариб теңізіне жетіп, шартты түрде мәре сызығын кесіп өткен. Саяхатшының өзі: "122 күн және тоғыз сағат жүзгеннен кейін мен Кариб теңізінде екенімді көрсетіп, меридианнан өттім. Саяхат аяқталды. Барлығыңызға рахмет!", - деген.

Шытырман оқиғалардан үлкен әсер алған Жан-Жак кітап жазуды жоспарлап отыр. Ол бір ғана осындай саяхатпен шектелмейді. Савен келесіде Ла-Манш бұғазын өздігінен, жүзуге көмек беретін қосымша құралдарсыз кесіп өтуді көздеп отыр. Әзірге ол демалып, жүзуге арналған жарыстарға құрметті қонақ ретінде баруды жоспарлап отыр.

Т. Раушанұлы