"Титаникке" сәтсіз кадр берген ескерткіш

"Титаникке" сәтсіз кадр берген ескерткіш
Фото: massaget.kz

Бұл ескерткіштің атауы көп: Көк әйел, Аралдағы әйел, Бостандық ханымы, Шырақты ханым, Америка Бостандығы, Гранд ханым, Бартольдидің анасы, тағы басқа. «Бостандық  ескерткіші» деудің өзі де қате. Өз туындысына кезінде ескерткіш авторы «Әлемді жарқыратқан бостандық» («La Libertе еclairant le monde») деп есім берген екен. Ескерткіш Франция мемлекетінің АҚШ-қа берген сыйлығы екенін білетін боларсыздар?! Тағы да қызықты дерек білгіңіз келе ме?

Шағын анықтама:

Ескерткіштің жалпы салмағы – 204 тонна;
Жалпы биіктігі (жерден алаудың ұшына дейін) – 93 метр;
Өз биіктігі – 46 метр;
Іргетастың биіктігі – 27 метр;
Белінің ұзындығы – 10,7 метр;
Оң қолының ұзындығы – 12,8 метр;
Ескерткіш ішіндегі баспалдақ саны – 354.

Образ

1876 жылы ескерткіштің «атасы» Бартольди Франциясының сол кездегі сенаторы Жюль Бозерианмен театрда кездесіп қалған. Бартольди жанындағы орындыққа сенаторды шақырып отырғызған екен. Бозериан театр есігінің қалың шымылдығын ашқанда орындықта отырған әйелді көріп, «Бостандық ескерткішіне» жан біткен бе деп ойлапты. Сол сәтте Бартольди сенатордың құлағына «Бұл әйел – менің анам» деген екен. Осы оқиғадан кейін автордың ескерткіш образына өз анасын бейнелегені мәлім болған.

Метафора

Тәжден тарап тұратын 7 сәуле «жеті теңіз», «жеті құрлық» деген мағына білдіреді және бұл ескерткіштен бөлек дайындалған элемент. 1938 жылы қатты татталған соң, бұл элементті уақытша алып тастауға тура келген. Тәжсіз ескерткішті елестетіп отырсыз ба? Ал қолындағы кітапта «JULY IV MDCCLXXVI» деген жазу бар. Бұл – АҚШ-тың тәуелсіздік алған күні. 

Қызмет

Кей жылдары ескерткіш алауы кемелерге бағыт беретін шырағдан ретінде «қызмет еткен». Күн батқан соң, теңіз үстіндегі кемелерге бағыт беруге «күші» жетпеген шырақты 16 жылдан кейін өшіріпті-мыс.

Ескерткіштің іргетасы бастапқыда Вуд фортында орналасқан. 1818-1930 жылдары аралығында әскери қызметкерлердің отбасына пана болған екен.

1916 жылға дейін туристерге ескерткіштің алауына шығуға рұқсат берілген. Бірақ аралдағы жойқын жарылыстан кейін бұл «саяхатқа» рұқсат берілмеді. Себебі жарылыс салдарынан (Рихтер бағамы бойынша 5,5 баллдық жер сілкінісіне себеп болған) ескерткіштің кей бөліктері зақымдалған.

Мекен

2012 жылы Нью-Йоркта «Сэнди» атты дауыл болған. Бұл оқиғаға дейін осы ескерткіш орналасқан Liberty Island-та жалғыз Лучзингер отбасы ғана мекен еткен. Қызыл кірпіштен салынған үйдің сау-тамтығы қалмаған соң олар да көшіп кеткен екен.

Сыртқы күш

Ғасырдан ұзақ жасаған ескерткішке жылына 600-ге жуық найзағай түседі екен. Сыртқы күш тек найзағай ғана емес, 100 км/сағат жылдамдықпен соққан жел ескерткіштің өзін 7,62 сантиметрге дейін, ал Ханымның қолындағы алауды 12,7 сантиметрге дейін тербей алады.

Ең алғаш...

Ең алғаш ескерткіш ашылған кезде алтын тиын секілді жарқырап тұрған екен. 20 жылдан кейін мыстан қалып жасаған соң, сыртқы табиғи күштің әсерінен көгілдір-жасыл түске боялған екен.

Ескерткіштің ашылу салтанында (28 қазан, 1886 жыл) кеңсе қызметкерлері құттықтау мақсатында терезелерден түрлі түсті қағаз қиықтарын шашқан. Осы оқиғадан соң, мерекелерде түрлі түсті конфетти ату дәстүрі жалғасқан екен.

Кинематография

Әлемді жарқырату үшін жасалған ескерткіш көп кинотуындыларда бой көрсетіп жүр. Солардың танымалдыларын тізімдеп көрейік: «Маймылдар ғаламшары» (1968), «Еуропалық демалыс» (1985), «Елес қуғандар» (1990), «Үйде жалғыз қалғанда-2» (1992), «Тәуелсіздік күні» (1996), «Титаник» (1996), «Х-адамдар» (2000), «Арғы күні» (2004), тағы басқа. Гонорары қандай екен?!

Енді Сізге логикалық жұмбақ жасырып көрейік:

Осы аталған деректерді «Титаник» фильмінің түсірілім тобы оқыса, кадрдағы бір кемшілікті жояр еді. Демек, нені? Ойланып көріңіз!

Г. Берік