Венеция туристерге салық төлеуді енгізеді

Венеция туристерге салық төлеуді енгізеді
Фото: vk.com

Венеция билігі жыл сайын туристер тигізетін зиянды өтеу үшін қалаға кіру төлемін енгізу туралы шешім қабылдады.

Арнайы салық 1 қыркүйектен бастап күшіне енеді (Венеция биенналесі аяқталғаннан кейін). Бір адамға күнделікті комиссия 3 еуродан 10 еуроға дейін болады (Негізгі төлем 3 еуро болса, туристер қарқыны артатын кездері –10 еуро).

News Artnet мәліметі бойынша, Венецияда арнайы туристік салық бұрыннан болған екен. Оны туристер әдетте қонақүйлер құнына қоса төлеп келген. Бұл салық жыл сайын Венецияға 30 миллион еуро әкеледі.

Жаңа шешімнің негізгі мақсаты круиздік кемелермен саяхаттайтын туристер болып отыр. Себебі олар қала ішінен қонақүй жалдамайтындықтан, салықтан оңай құтылып келген. Кейбір мәліметтерге сәйкес, мұндай туристер саны миллионға жуық. Қала кеңесі Венецияның жылдық шығыны шамамен 41 миллион еуроны құрайтынын мәлімдеді. Ал, бұл шығын қарапайым қала тұрғындарының иығына түспеуі керек. Кеңес қала тұрғындарының жағдайына аса мән беріп отыр. Жаңа салықты төлеуден жалтарғандарды 100 еуродан 450 еуроға дейінгі шамадағы айыппұл күтеді. Қалада жұмыс істейтіндер және сол жерде оқитын студенттер салықтан босатылады.

Т. Раушанұлы