Airbnb: Клод Моне тұрған үйде түнеу мүмкіндігі пайда болды

Airbnb: Клод Моне тұрған үйде түнеу мүмкіндігі пайда болды
Фото: vk.com

Airbnb қызметі ұлы қылқалам шебері Клод Моне тұрған үйді жалға береді. Суретші-импрессионист тұрағы Франциядағы Живерни ауылында орналасқан. Ол жерде Моне 40 жылдам астам уақыт тұрды. Нақтырақ айтсақ, 1883 жылдан бастап 1926 жылға дейін.

Үйде 3 жатын, 2 қонақ бөлме мен 3 жуынатын бөлме бар. La Maison Bleue-дегі бір түн $225 тұрады. Тек бірінші қабатын жалдасаңыз, одан да арзан. Шыны керек, бұл франциялық қонақүйлерге қарағанда әлдеқайда қолжетімді.

Естеріңізге сала кетейік, ұлы импрессионист шығармашылығы карикатурадан басталған. Шығармашылық жолының бастауында Моне осындай суреттер салу арқылы жан баққан. Мектепке барғанды ұнатпайтын жас бала үнемі Гавр жағалауында суреттерін 15-20 франк бағасына сатып жүретін. Сол күндердің бірінде пейзажист Эжен Буденмен жолыққан. Клодты суретші қылған да осы адам болатын. "Көзім алдымнан перде ашылғандай күй кештім! - дейтін Клод Моне. - Көркем суреттен құдіретін бір-ақ сәтте ұққандай болдым".

Суретшілер ашық аспан астында салған кескіндемелерін шеберханаға алып келіп, соңғы нүктесін сол жерде қоятын. Бірақ, Моне суретті үнемі пленэрде аяқтағанды ұнататын. Шеберханаға алып келген кезде, оның туындысы әлдеқашан аяқталып, толыққанды картина болып тұратын.

Клод Моне мен оның Огюст Ренуар, Альфред Сислей, Фредерик Базиль секілді достары Париждік салонда тек тарихи тақырыптағы суреттер қойылатынына наразы болатын. Олар "дәл қазіргі сәт" деген ұғым шеңберінде өмір сүріп, соны қағазға түсіргенді жөн санайтын. Оларға өздері өмір сүрген заман адамдарының тағдыры қызығырақ көрінетін. Кейін Моне, Ренуар, Сислей мен Базиль өздері жеке шығармашылық бірлестік құрып, 1874 жылы алғашқы көрмесін ұйымдастырады. Осыдан кейін осы суретшілер толқыны "импрессионисттер" аталып кетті. Оның атауы Моненің "Әсер. Күннің шығуы" (Impression, soleil levant) картинасына байланысты қойылды.

Моненің отбасылық өміріне тоқталып өтсек, шебердің музасы болған арудың есімі Камилла болатын. Кейін ол Моненің жұбайына айналды.  Оның "Камилла" ("Жасыл көйлектегі әйел") аталатын картинасы суретшінің танымалдығын арттырды. Жұбайы Камилла қайтыс болғаннан кейін, Моне балаларымен Жеверниге көшіп кетеді. Жаңа мекенде Моне өзінің жаңа құмарын табады. Ол бағбаншылық болатын. Үйінің аумағын гүлмен толтырып, құлпыртып жіберетін. Әсіресе, Клод өзі әрлеген су тоғанын ерекше күтіп, баптайтын. Суретші Живернидегі бағын көптеген картиналарында суреттеген.

А. Оралқызы