Ұлыбританияны алғаш рет айналып жүзіп шыққан кім?

Ұлыбританияны алғаш рет айналып жүзіп шыққан кім?
Фото: bbc.com

Ағылшын азаматы Росс Эджли Ұлыбритания аралын айналып жүзіп шыққан тарихтағы алғашқы адам ретінде Гиннестің рекордтар кітабына кірді.

33 жастағы Эджли саяхатын 1 маусымда Маргит қаласынан бастаған. Жолда оған кәсіби теңізші Мэттью Найт арнайы қайықпен еріп отырып, көмектескен. Найт оның дұрыс тамақтануы мен қалыпты ұйықтауын бақылап отырған. Эджли күніне 12 сағатта орташа есеппен 12 шақырым жүзген. Рекордшы бір күнде ең ұзақ 33,4 шақырым жүзе алған. Бұл қашықтықты ол 5 сағат 25 минутта бағындырған. Найттың айтуынша, Эджли жылдамдығын сағатына 16 шықырымға дейін арттырған. "Мұндай жылдамдықпен адам емес, дельфиндер жүзеді" дейді Найт. Эджли Ла-Манш бұғазын, Ирланд теңізі, Атлант мұхитының бір бөлігін 157 күн ішінде жалпы 2857 шақырымды жүзіп өткен. Осы уақыт аралығында ол бірде-бір рет жағалауға шықпаған. 

Эджли жолда бірнеше кедергілерге ұшыраған. Теңіз дауылынан бастап, қауіпті медуза шабуылынан бет күюі жарақаты сынды қиындықтарды бастан өткерген. Росс жолда 500 мыңнан артық калория жоғалтып, соның орнын толтыру үшін 640 данадан көп банан жеген. 

"Жолда түрлі кедергілерге ұшырадым. Бетіме улы медуза жабысып, көзім көрмей қалды. Оны бетімнен алып тастау оңай болған жоқ. Соның салдарынан қолым күйіп қалды. Бристол шығанағындағы қатты ағыспен арпалысу қиын болды. Сондай қиын шақта маған кит көмекке келді. Ол мені жараланған итбалық деп ойлады. Сондықтан ағыстан шығып кеткенше 8 шақырым бойы сүйемелдеп отырды. Китке қатты риза болдым", – деп естелігімен бөлісті Эджли. 

Рекордшының өміріне бірнеше рет қауіп төнген. Лэндс-Эндке келгенде тұзды судың әсерінен тілі ісіп кетіп, дем ала алмай қала жаздаған. 

4 қараша, жергілікті уақыт бойынша сағат 09:00-де Кент графтығындағы Маргит қаласының тұрғындары Ұлыбритания аралын тұңғыш рет айналып жүзіп шыққан Эджли Россты күтіп алу үшін жағалауға жиналған. Жергілікті тұрғындардың ішінен 300 адам оны қолдау үшін жағалауға 500 метр қалғанда Эджлимен бірге жүзген. Жағалауға аман-есен шыққан рекордшы жүзуді 100 күнге жоспарлағанын, қиындықтарға байланысты 57 күнге кешіккені себепті туыстары мен сүйгенінен кешірім сұрағанын айтты. 

Айта кетейік, Росс Эджли бірінше рет Гиннестің рекордтар кітабына кіріп отырған жоқ. 2016 жылы 19,5 сағат ішінде 42 шақырымдық қашықтықты арқасына 1,4 тонналық машинаны байлап жүзіп өтіп рекорд орнатқан. Осыдан 2 ай өткен соң, жоғарыға байланған арқанға бірнеше мың рет өрмелеп шығып, жалпы есепте өз денесін Эверест шыңына тең биіктікке алып шыға алған бірінші адам ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген.


Т. Раушанұлы